АН-72 ұшағының апатына айыпталып жатқан диспетчерге білікті мамандар ара түсті

Бортында 27 адамы бар Ан-72 ұшағы құлағалы бері дәл осы сұрақ толассыз қойылды, жауап қат бірақ. Әу баста 4 себеп айтылған. Саусақпен санасақ, борт компьютерлердің дұрыс жұмыс істемеуі, эпипаждың ұшақты ережеге сай басқармауы, биіктікті өлшейтін құрылғының істен шығуы және ауа-райының қолайсыздығы. Енді бар кінә Қазаэронавигацияның диспечеріне артылып жатыр. Бірақ әріптестері мұнымен үзілді-кесілді келіспейді.

Фаат Богдашин, «Қазаэронавигация» РМК бас директорының орынбасары:

- Диспечер АН-72-ге төмендеуге рұқсат берген сәтте барлығы жоспар бойынша болған. Яғни жерге дейін 2150 метр, ал қону жолағына дейін 35-36 шақырым болған. Бұл әуе көлігінің қонуы үшін таптырмас жағдай. Бұл жерде экипаждың немесе техниканың кінәраты болмаса, басқа факторларды айтудың өзі артық.

Техниканың кінәраты мен экипаждың білігіне шек келтірмеген еді алғашында шенділер. Алайда былықтың бәрі осында. №72859 борт нөмірлі Ан-72 ұшағы Астанадан көкке көтерілген сәтте автопилот пен биіктікті өлшейтін құрылғы істен шыққан. Экипаж командирі ұшуды қолмен басқару режимінде жалғастырған. Неге екені белгісіз, жердің жақындағанын ерте ескертетін қондырғы да қосылмаған болып шықты.

Экипаждың тау дегені Шымкент әуежайына жиырма шақырым қалғандағы цемент карьері. Соған соғылып 800 метр биіктіктен төмен құлаған. Ұшақ Шымқалаға қона алмауы мүмкін дегенде экипаж Қызылордаға бет бұрса бола ма деп сұрапты. Бірақ түнде Қызылорда әуежайы мүлдем қызмет етпейді екен. Мамандар бұл да ұшу алдындағы экипаж мүшелерінің олқылығы деп отыр.

Фаат Богдашин, «Қазаэронавигация» РМК бас директорының орынбасары:


- Экипаждың қосымша аэродром ретінде сол күні кеште жұмыс істемейтін Қызылорданы сұрауы олардың мүлдем дайындықсыз екенін көрсетті. Бұдан бөлек, аталмыш істе диспечеріміздің айыпталып жатқанын айтып шетелдің білікті орталықтарына хат жолдағанбыз. Оларда аң-таң, өйткені диспечердің апатқа еш қатысы жоқ.

Әп дегеннен техникалық ақау мен экипаждың олқылығын айтқан сарапшылар дереу тергеуден босатылған. Ал айыпты деп кінә артылған Қанат Ақылбеков қазір сот алдында жауап беруде. Оған қоса қыруар қаржы жұмсалып Украинада жөндеуден өтілді делінген АН-72 тіптен жөндеу көрмегені жар салып айтылған-ды. Әйтеуір шенділер ұшады деп ішін сылап қойған.

Борис Балмачев, тәуелсіз сарапшы:

- Ұшақ мүлдем жөнделмеді деуге болмайды, бірақ қыруар қаржы тек ішін әрлеуге жұмсалған. Мәселен спутниктік байланыс, үлкен теледидарлар қойылған АН-72-ге. Қауіпсіздік үшін жасалғаны жерге қатты жақындағанда дабыл беретін Марк-8 құрылғысы ғана.

Марк-8-ден де 2012-нің желтоқсанында қайыр болмады. Бордтағы 27 адам түгел қаза болды. Қала берді апат алдында ұшақ секундына 20 метрге құлдилаған. Техникалық ақау болмаса есі бар ұшқыш бұлай жасамайды деп іреп салды мамандар.

Еліміздің шекара саласының шенділері мінген АН-72-нің жыры сиырқұйымшақтанып кетті осылай. Қара жәшік оқылды, сараптама да жасалды. Бірақ айыпты ретінде жалғыз диспечер ғана жауап беруде. Тергеуде апаттың себептері нақты айтылмады әйтеуір. Бұдан бөлек ұшақты Укринада жөнделді деп қағаз толтырып, қыруар қаржыны қалтаға басты деген Қорғаныс министрлігінің шенділері қамауда отыр.