Бүкіл Шекара қызметінің басшылығының өмірі қиылған апатқа қатысты процесс бір айдан бері жалғасуда. Бүгін жарыссөз аяқталып, прокурорлар басты күдіктіге 6 жыл жаза сұрады. Мемлекеттік айыптаушылардың пайымынша, әуе диспечері Қанат Ақылбековтың кінәсі айқын. Соның дұрыс ақпар бермеуінен экипаж биіктікті шатастырыпты.
Әшірбай Сахаев, мемлекеттік айыптаушы:
-Тергеу басында диспетчер Қанат Ақылбековтың кінәсі толық дәлелденді. Бұрын сотты болмағанын және кішкентай баласы бар екенін ескере отырып оған 6 жыл қоныс колониясына жіберуді сұраймын.
Марқұм шекарашылардың да жақындары бірауыздан диспетчерді кінәлауда. Прокурордың сұраған мерзімі тым аз деп, айыпталушы Ақылбековке кемінде он жыл беруді сұрады.
Ләззат Сейдахметова, жәбірленуші;
-27 кісінің өмірін қиған 1 кісінің, диспетчердің кінәсі екені дәлелденді. Прокурордың ойына толық қосыламын. Менде жалпы әйелдерге қосыламын. 6 жыл ол үшін өте аз. Өйткені оның бар туысы, баласы, әйелі жанында. Меніңше көп беру керек. 10 жылдан да көп беру керек.
Ал, диспетчердің авдокаттары жазықсыз адамды кінәлап жатқанын айтуда. Себебі, әуе кемесінің өзі ұшуға дайын болмапты. Ұшақтағы қысым көрсеткіштері мен биіктік өлшегіштер де істемеген. Экипаж мұны диспетчерге ескертпеген екен. Тергеу кезінде бұлар ескерусіз қалды дейді.
Ардақ Балпықов, адвокат:
-Тергеудің әу бастан дұрыс жүргізілмегені және Ақылбековке қатысты негізсіз айып тағылғанын бір ғана нәрсемен түсіндіруге болады. Тергеушілер қарапайым диспетчерді қамау арқылы сақтандыру төлемдерін өндіріп, шекара қызметінің абыройын сақтап қалуды ойлап отыр. Тергеу дұрыс жүргенде Ақылбеков айыпталушы түгілі, күдіктілер қатарында болмас еді.
-Ұшақ апатында қаза тапқандардың туыстары мен прокурор таққан айыпқа Қанат Ақылбековтың өзі де толық келіскен жоқ. Апатқа жалғыз кінәлі деп танылған 30 жастағы диспетчердің 5 жылдық жұмысында мін болмапты. Ендігі сөз тек судьяда ғана. 42 том істі қарап шыққан судья жылдың басты сот ісі бойынша үкімді келесі жұма оқымақ.