Пәтер кілтін оған Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар тапсырды. Гүлім бұған дейін кішкентай сәбиімен бірге «Аналар үйін» паналаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Гүлімнің басына түскен қиын тағдырды жергілікті телеарна көрсетіп, сол бағдарламадан кейін Г. Нүркебайды облыс әкімі Амандық Баталов қабылдады. Оның баспана мәселесін шешуге уәде берді. Алты айлық Анелия есімді сәбиімен бірге Гүлім енді Талдықорған қаласындағы Покрышкин көшесінің тұрғыны атанды.
Гүлім Нүркебай Кербұлақ ауданында дүниеге келген. Ол 12 жасынан бастап туған сіңлісі екеуі «Айналайын» балалар үйінде тәрбиеленген. Анасынан ерте айырылған Гүлім әкесінен бейхабар. Сөзінше, екі жаста болғанда анасы әкесімен ажырасып кеткен. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған жәудір көз әр жерде жұмыс істеп, нәпақасын тапқан. Колледжде білім алып, маман атанған. 24 жастағы Гүлім Нүркебайдың айтуынша, алты жыл көңілі жарасқан жігітінің ата-анасы оның жетімдігін бетіне басып, үйленулеріне түбегейлі қарсылық білдірген.
«Менің туыстарым бар, мына жетім қызды келінім деп елдерге қалай көрсетемін. Егер осы қызға үйленетін болсаң, мен анаңмен ажырасып кетемін. Тойымыз алдында әкесі осылай қарсылық білдірді», - деді Гүлім.
Оның сөзіне қарағанда, кейін сүйіктісінің үйіне аяғының ауыр екенін айтып барған. Бірақ жігіттің әке-шешесі түн ортасында үйден қуып шыққан. Ол өзінің тұрғылықты мекен-жайының дұрыс болмауына байланысты дүниеге келген баласына жәрдемақы да ала алмаған. Гүлімнің өзінен үлкен екі апайы бар.
«Бірақ олардың маған көмек көрсететін шамасы жоқ», - дейді ол.
Айта кетейік, Алматы облысының әкімдігі 2015 жылы Талдықорғанда 60 пәтерлі көпқабатты үй салып, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға берген болатын.