Аналық ДНК-ны зерттеу қазақтардың дәстүрлері туралы нені көрсетті?

Еуразиядағы көші-қонның шынайы әрі толық тарихын әйелдердің үлесінсіз түсіну мүмкін емес.

Алматыдағы Генетика және физиология институтының ғалымдары профессор Ләйлә Жансүгірованың жетекшілігімен анадан балаға ғана берілетін митохондриялық ДНК-ны жан-жақты зерттеді. Зерттеу нәтижелері Еуразияның дәл ортасында мыңдаған жыл бойы қалыптасқан қазақ халқының ерекше генетикалық құрамын көрсетті.

Зерттеу барысында Қазақстанның әр өңірінен және әртүрлі руларынан алынған 96 қазақтың ДНК үлгісі талданды. Қатысушылар өз шежірелерімен де бөлісті.

Шығыс пен Батыстың тоғысқан жері

Қазақтардың аналық генетикалық қорында екі негізгі компоненттің үлесі шамамен тең екені анықталды:

Қалған аз ғана бөлігі Үндістанға, Жапонияға, Таяу Шығысқа және тіпті ежелгі Африкаға тән сирек генетикалық тармақтардан тұрады. Ғалымдардың пікірінше, мұндай іздер Ұлы Жібек жолы арқылы жүрген мәдени ғана емес, биологиялық алмасудың нәтижесі.

Жеті ата дәстүрінің генетикалық дәлелі

Зерттеудің тағы бір маңызды қорытындысы – генетикалық мәліметтерді ру-тайпалық құрылыммен және қатысушылардың географиялық орналасуымен салыстыру болды.

Әкелік генетикалық сызықтар белгілі бір өңірлерге немесе жүздерге анық байланып тұрса, аналық сызықтар Қазақстан аумағында біркелкі таралғаны анықталды. Тек Кіші жүздің аналық генетикалық ерекшелігі сәл өзгешелеу. Ғалымдар мұны Батыс Қазақстандағы қазақтардың тарихи көші-қоны азырақ болғанымен байланыстырады.

Бұл қазақ даласында ғасырлар бойы сақталған дәстүрді генетика арқылы тағы бір мәрте дәлелдейді: ұлдар әке жұртында қалса, қыздар басқа ауылға ұзатылған. Осылайша жеті ата дәстүрі сақталып, аналық генетикалық қор үздіксіз араласып отырған.

Сақтар мен ежелгі Еуропаның ізі

Митохондриялық ДНК талдауы қазақтардың өте көне тайпалармен сабақтастығын да көрсетті.

Мысалы, қазіргі Батыс Еуропада ең кең таралған H гаплогруппасының және жасы 30 мың жылдан асатын U гаплогруппасының болуы қазақтардың андрон мәдениеті мен сақ тайпаларымен генетикалық байланысын көрсетеді.

Ғалымдардың айтуынша, бұл деректер қазіргі Қазақстан тұрғындарының Жетісу мен Орталық Қазақстанды мыңдаған жыл бұрын мекендеген, моңғол шапқыншылықтарынан әлдеқайда бұрын өмір сүрген ежелгі халықтардың тікелей ұрпақтары екенін дәлелдейді.