"Анамызды көргіміз келмейді": Алты баланың анасы балаларын неге тастап кеткен?

Бұл туралы "Жетісу" телеарнасына сілтеме жасап, Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Отбасын ойланбастан тастап кеткен ананың үйден кетіп қалудағы басты себебі күйеуінің маскүнемдікке салынуы екен. Бірақ оның бұл уәжімен ауылдастары мүлдем келіспейді. Жолдасының ішкілікке салынып кеткен кездерін көргеміз жоқ,-дейді. Бұл оның сынықтан сылтау іздеген түрі деп ашулы матайлықтар.

Келіншек қалаға барып жұмыс жасаймын деп, киім-кешегін алып алты баласын күйеуіне тастап кеткен. Алты баласын тастап кеткен ана Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы өзге біреумен бас қосқаны белгілі болған.

Анасынан көңілі қатты қалған келіншектің Әділет есімді ұлы оны тіпті "ана", - деуден де қалған.

"Ана демеймін, айтқым да келмейді. Оны көрсем ол кісі жақтыртпаймын да. Негізі маған бәрібір, егерде қарындастарым олардың келгендерін қаласа, келуіне болады, ал олар керек емес десе, онда керек емес", - дейді келіншектің ұлы.

Келіншектің қыздары да аналарын қайта көргісі келмейтін, оның қайтып келгенін қалмайтын сұхбаттың барысында айтып берді.

Үлкен жанұя тар әрі әбден тозығы жеткен үйде тұрып жатыр. Қабырғасы қақырап, төбесі құлағалы тұрған баспананың терезесінде әйнегі де жоқ. Үйге жөндеу жұмыстарын жасауға бағдарлама кейіпкері Серік Кенжебаевтың жағдайы жетпейді. Алатын 60 мың жалақысының жартысынан көбісін несие ұстап қалады, қалған 20 мың теңгеге өлместің күнін көріп отыр.


"Басына қандай іс түссе де ер азаматқа алақан жайған жараспайды", - дейді Серік Кенжебаев. Сондықтан үйде азығым жоқ деп ол ешкімге қол жайып көрмепті, жаймайды да. "Шамамның келгенінше өз балаларымды өзім асыраймын, тек үкімет басымызға бір баспана берсе екен", - дейді. Өйткені, қанша тырысып, тырмысса да, ол жалғыз жалақыға үй ала алмайтынын түсінеді. Қосымша табыс әкелетін ауыр жұмыс жасай алмайды, өйткені Ауған соғысы ардагерінің соңғы уақытта денсаулығы да нашарланған көрінеді.