«Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев ұлы Әділетпен сырласып, перзентті бола алмай жүрген жылдарын еске алды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Бұл туралы видео әншінің әлеуметтік парақшасында пайда болды.
"Келіншегіңіз екеуіңіз екінші баланы 15 жыл күттіңіздер ме?", деген сұраққа өткенде жауап бердім деп жазды өнер иесі.
«Сенен кейін біз Раянаны 15 жыл күттік. Сенің бауырларың болғанын қаладық. Сенің бауырларың, іні-қарындастарың болса деп армандадық. Мен балалы болуды қалай қаласам, әйелім одан он есе қалады. «Неге бұлай болды, қашан?» деп түртпектеп, мазасын алған жоқпын. Алланың есебі солай болған шығар, сынағы деп айтудан қорқамын.
Біз сенің анаң екеуміз бір-бірімізді қолдап жүрдік. «Әлі жаспыз, болады. Болмаған күнде де Әділетімізден көп ұрпақ тарайды, солардың қызығын көреміз» деп жүрдік. Сөйтіп уақыт-сәтімен анаңның құрсағына перзент біткен кезде өзімнің анама, сенің әжеңе сүйінші сұрап хабарластық. «Анашым, Құдай қаласа тағы да немерелі боласыз» деп астарлап жеткізген кезде, анашым «Сүйіншіңе жанымды жұлып берейін бе?» деп қуанды. Ойлашы! Өзін құрбан етуге дайын болды ғой. Қарап отырсаң, ананың махаббаты өлшеусіз екен, ал Алланың махаббаты шексіз екен», - деді Сәкен Майғазиев.