Десе де, жеңіспен оралған спортшыларды облыстағы спорт саласы өкілдерінің бірде-бірі күтіп алмаған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Sportbugin.kz. cайтының хабарлауынша, 24-28 маусым аралығында Филиппиннің Манила қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер мен жасөспірімдер арасында Азия/Океания чемпионаты өтті.
Аталған сында Қызылорда облысының спортшылары ел қоржынына төрт алтын және бір күміс медаль салды. Нұржан Тумырзаев, Нұрай Бақыт, Арайлым Әлімова және Гүлнұр Абай чемпиондыққа қол жеткізсе, Нұрсұлтан Абдразақов күміс жүлдегер атанған.
Алайда, елге жеңіспен оралған спортшылардың жетістігі туған өңірінде лайықты деңгейде бағаланбаған. Ата-аналардың айтуынша, чемпиондарды қарсы алуға басқарма өкілдері де, жергілікті билік те келмеген. Ата-аналар балаларының көңілін өздері аулауға тырысып, кішігірім күтіп алу рәсімін жасады. Бірақ анасы қатерлі дертке ұшырап, ауруханада жатқан Нұржан Тумырзаевты күтіп алуға бірде-бір адам келмепті. Бүгінде Нұржанның Азияның алтынымен вокзалда жалғыз тұрған видеосы желіде кеңінен таралуда.
Самбошы өзінің Азия біріншіліктеріндегі төртінші алтынын иеленген. Одан бөлек, әлем чемпионатында екі рет топ жарған. Жақындарының айтуынша, Нұржан Тумырзаев онкологияға ұшыраған анасына көмектесе жүріп, осы жарысқа тынымсыз дайындалған.
«Нұржан аурухана мен спорт залының ортасында жүріп дайындалды. Анасының көңілін аулап, кейін залға асығатын. Азия чемпионатында төртінші рет топ жарып отыр. Әкесі жоқ, тек жалғыз анасы бар. Сондай спортшыны күтіп алуға бірде-бір адамның келмегені қынжылтады», - дейді спортшының туыстары.
Спортшының анасы денсаулығына байланысты ауруханада жатқандықтан, ұлын қарсы алуға бара алмаған. Кейін оның жалғыз қалғанын білгенде қатты қапаланғанын жасырмады.
«Жауапты тұлғалар мұны самбоның олимпиадалық спорт түріне жатпайтынымен түсіндіреді. Алайда, елдің туын көтеріп, әнұранын шырқатқан баланың олимпиадалық немесе олимпиадалық емес спорт түрімен айналысатыны маңызды болмауы керек. Ең бастысы - олар Қазақстанның намысын қорғады», - дейді төрт дүркін Азия чемпионының анасы.
Ата-аналар мұндай жағдайдың алғаш рет болып отырмағанын айтады. «Басқарма, әкімдік, Бақтияр Артаев қайда қарап отыр? Бұл бірінші рет болған жағдай емес. Өткен жылы да дәл осылай болды, биыл да қайталанып отыр. Біз ақша, атақ немесе сыйлық сұрап отырған жоқпыз. Балаларымызды лайықты түрде күтіп алса, соның өзі жеткілікті. Басқа өңірлердің бәрі чемпиондарын құрметпен қарсы алып жатыр. Ал Сыр елі ғана үнсіз отыр», - дейді ата-аналар.
Айта кетелік, дәл осы додадан жүлдемен оралған самбошыларды Жамбыл облысының спорт басқармасы ерекше құрметпен қарсы алды. Ал осы турнирде күміс медаль алған өзбекстандық Шахзода Азатова ел президенті Шавкат Мирзиевтің қабылдауында болып, арнайы төсбелгімен марапатталған.