«Анасы үйде, әкесі таксист»: Бір жыл бұрын оқудан шығып қалған Санжар Тәшкенбайға Астана төрінен су жаңа пәтер берілді


Бұл сүйінші жаңалықпен танымал журналист Гүлмира Әбіқай бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz.

Журналистің сөзінше әлем чемпионының әкесі таксист болып нәпақасын тапса, анасы үйде отырған. Сонымен бірге олар елордада пәтер жалдап тұрғаны белгілі болды.

«Бақ шаба ма, бап шаба ма? Осыдан 1 жыл бұрын грантқа түскен оқуынан шығып қалып, Елордада пәтер жалдап тұрған Санжардың биыл бағы жанды.
Тәшкеннен әлем чемпион болып оралды, келгелі боксердің жеңісі - қазақтың қуанышы деп демеген жұрт аяғын жерге тигізбеуде.
Ал, бүгін Астаналық құрылыс компаниясы чемпионға арғымақ сыйлап, өздері тұрғызған су жаңа үйден пәтер кілтін табыс етті.
Санжардан бөлек отбасында 5 бала бар. Анасы үйде, әкесі нәпақасын таксиден табады. Отбасы аталас ағайындарымен қосылып төлеп, ұзақ жылдар бойы пәтер жалдап келген еді.
Санжардың шығып қалған оқуына қатысты Еуразия университеті дарынды жастарды қолдауға дайын екенін айтты.
Дегенмен, жарты қоғам спорт деген спорт , жоғарғы білімнің аты білім екенін баса айтып, патша болса да өз күшімен қайта түсіп, оқысын дегенді айтуда.
Чемпион атағы үшін Санжар 200 мың $ алады. Отандық бокс федерациясы оған тағы 100.000$ қосты. Құзырлы министрлік тарапынан жеңімпаздар мен жаттықтырушыға 15 мың $ бөлінеді. Жеңіс, жақсылық, жаңа үй бәрі құтты болсын», - деп жазды ол.