Қ.Жұмабаевтың айтуынша, Қазақстан азаматтарының басым бөлігі Ташкентте, Ташкент облысы мен Сырдария облыстарында тұрады. Бұл өңірде жағдай тұрақты. Жалпы алғанда елшіліктегі консулдық тізімде еліміздің 750 азаматы бар.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 13-мамырға қараған түні Әндіжанда бейберекет бүліншілік шығып, қарулы адамдар түрмені басып алып, 2 мыңдай қылмыскерді босатып жіберген. Сонымен бірге қазір интернет-агенттіктер Әндіжанда қалалық әкімшілік те басып алынды деген хабарламалар таратуда.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІББ-ның хабарламасына сәйкес, 13-мамырда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекарада өзбек шекарашылары елшілік қызметкерлерінен басқа қарапайым азаматтарды шекарадан өткізуді доғарды.
Қ.Жұмабаев екі ел арасындағы мемлекеттік шекараны жабу - осындай жағдайда қолданылатын уақытша әрі қарапайым шара деді.