Анджелина Джоли қазақша сөйлеп үйренді

Аты бөтен демесең, Анджелина бұл рөлде тура бір қазақ қызындай. Қиылып, таза қазақша сайрап тұр.  Қиял-ғажайыпқа толы «Малефисента» ертегісін дубляждауға бақандай жарты жыл кетіпті. Енді оны тыңдаған да, тыңдамаған да арманда. Әрбір сөзі, дыбысы, тіпті кейіпкерлерінің күлкісіне дейін түгел қазақша. Анджелинаның дауысын Гүлназ Әуесбаева дубляждаған. Ол ертегіде залым сиқыршының рөлін ойнайды. Бүтін бір патшалықты дуалап, тіпті бесіктегі баланы да сиқырлап тастайды.     

Сиқыршыға қарсы шыққан батыл қызды қазақша сөйлеткен Гүлнар Құрманбекова. Голливудтық фильмді дубляждауға бұл оның бірінші қатысуы екен. Жауыздарды патшалығынан қуып, кейіпкерінен айнымай, ол жыласа қосыла жылап тұр.     


Гүлнар Құрманбекова, актриса

-Киноның ішіне кіру керек. Американың әртістері киноны қалай ойнап тұр, соны біз сол болып ойнап тұруымыз керек.

Фильмді қазақшаға аударуға «Самұрық-Қазына» қоры қолдау көрсеткен. Дубляжы толық дайын. «Меломан» компаниясы енді оны мамыр айының 29-ынан бастап, барлық кинотеатрлардан көрсетпекші.