Соңғы жылдары Қазақстанның да ресми мекемелері экологиялық бағыттағы жобаларға берілетін басымдықты күшейтіп жатыр. Солардың бірі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Қазақстандағы экожобаларды танымал ету және дамыту» жобасы.
Бұл жобаны жүзеге асырып жатқан Отбасы хрестоматиясы қоғамды қоры елдегі ең маңызды деген экологиялық жобалардың тізімін жасап, оларға талдау жасады. Қазақстанда қазір әр түрлі деңгейде жұмыс жасап жатқан 200-ге жуық экологиялық ұйым бар екен. Мұның көпшілігі айналаны таза ұстау, қоқыс шашпау мәдениетін насихаттауға қатысты. Елдегі экологиялық жобалармен байланыс орнатылғаннан кейін олардың мемлекеттік органдарға, үкіметтім емес секторға және қарапайым қоғам өкілдеріне беретін ұсыныстары мен ескертпелері жинақталды. Соның негізінде Отбасы хрестоматиясы қоры 12 мекемеге әр түрлі ұсыныстар айтып хат жазды. Мәселен, экологтардың пайымдауынша бұл салада ілгерілеу болуы үшін мемлекеттік органдар тарапынан экологияға қатысты тапсырыстар, гранттар, жобалардың үлесі арта беруі керек. Тек министрліктер мен комитеттер ғана емес, жергілікті билік өкілдері де белсене араласуы керек. Отбасы хрестоматиясы қорының атынан Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Алматы сияқты бірнеше қала әкімдіктеріне экологиялық белсенділікті арттыру жөнінде ұсыныс тасталды. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер ғана емес, жалпы қоғам өкілдеріне айтылған бір ескертпе бар. Бұл бойынша Қазақстанның экологиялық ұйымдарының ассоциациясына мына мәселе бойынша хат жазылды. Қазақстандағы экологиялық жобалардың бәрі орыс тілінде жасалады. Экологиялық семинарлар, лекциялар, мастер-класстардың көбінде орыс тілінде өтеді. Мұндай тілдік шектеулермен экология мәселесінде прогресске жету қиын. Сондықтан экология саласындағы қазақ тілді ортамен жұмыс жасау, қазақ тілінде ақпарат тарату, интернетті қазақша контентпен толтыру мәселесіне күш жұмсалу керек. Аталған жоба аясында жасалған ұсыныстардың келесі бір негізгісі аңшылық туралы. Қазақстан флорасы мен фаунасы жедел қарқынмен жұтаңданып келе жатқан елдердің бірі. Осындай жағдайда аңшылыққа біржола тиым салынып, кемінде 10 жылға мораторий жариялануы қажет. Бұл әлемде бар тәжірибе. Аңшылыққа мүлде тиым салынған елдердің саны жылдан жылға артып келеді. Экологтар, жабайы тіршілік иелерін біржола жойып алмай тұрғанда қамдану қажет екенін айтады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қатысты ұсыныстардың тағы бір браконерлер тарапынан жиі қолданылатын синтетикалық аудың жыры. Жыл сайын өзен көлдерде, Каспий теңізінде мыңдаған түрлі балықтар, итбалықтар осы ауларға түсіп қырылады. Сондай-ақ экология мәселесі қозғалғанда ең алдымен сөз болатын пластикалық қалдықтар да шет қалмады. Орман-таулар, көл жағалаулары осындай қоқыстан көз ашпай тұр. Мұны шешу үшін экологтар таудағы адамдар көп демалатын орындарға бейнекамералар орнатып, айыппұл тағайындауды ұсынады. Ал көлдерге, әсіресе Каспий теңізінде су бетіне жиналған қалдықтарды тазалап отыратын бригадалар құрылу қажет.
Осы және тағы біраз мәселені қамтыған ұсыныстар тиісті мекемелерге хатпен жіберілді. Оның біразы уақыт күттірмейтін проблемалар. Отбасы хрестоматиясы қоры осы үрдісті жалғастырып, жыл сайын экологтар мен эко-белсенділердің ұсыныстарын жинап тиісті мекемелерге жеткізіп отыруды дәстүрге айналдырмақ.
Сәдуақас Кебекбай