«Жетінші арнаның» бас директоры болып Әния Байоразова тағайындалды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Байоразова Әния 2009 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тәмамдаған. БАҚ және телевизия өндірісі саласында 15 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Еңбек жолын университет қабырғасында жүргенде «31 арнадан» бастаған. Ақпараттық – ойын-сауық жобаларының жүргізушісі, сценарист әрі редакторы болды.
2010-2020 жылдар аралығында жаңалықтар қызметінде тілші, «Хабар» телеарнасында диктор, «Еларна» және «Алматы» телеарналарында түрлі тележобалардың жүргізушісі болып жұмыс істеді. «Jas Otan» төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды. «Biz Birgemiz» халықтық іс-шарасын сәтті ұйымдастырып, PR жұмыстарын жүргізді. 2020 жылдан ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ-де жұмыс істей жүріп, өзінің шығармашылық қызметін отандық телеарналарда жалғастырды. Қазір Almaty Management University-де MBA дәрежесін алуда. Үш тілде еркін сөйлейді. Екі бала тәрбиелеп отыр.