Анкара қаласында Түркия жоғары оқу орындарын бітірген Қазақстандық түлектерді марапаттау рәсімі өткізілді

Ғылыми жұмыстардың байқауы екі елдің әнұраны астында ашылды. Қазақстандық жастар мен қонақтардың алдында ҚР білім және ғылым министрі Жақсыбек Күлекеевтің, Түркия ұлттық білім министрі Хусейн Челиктің, Түркия мемлекеттік министрі Бешир Аталайдың құттықтау хаттары мен жолдаулары оқылды.

Байқауға Анкара, Стамбул, Измир, Кония, Эскишехир және Бурса қалаларында оқитын қазақстандық студенттер қатысты. Байқауға ұсынылған 25 жобаның арасынан 10 жобаны комиссия жоғары бағалады. Мақтауға ие болған жобаларға ҚР білім және ғылым министрлігі өкілдігінің атынан бағалы сыйлықтар табыс етілді.
2004-жылы Қазақстандық 67 түлек Түркияның жоғары оқу орындарын бітіруде. Олардың құрметіне мерекелік кештік ұйымдастырылды. Шараға Қазақстандық жастармен бірге Түркияда білім игеріп жатқан Түрікменстандық және Қырғызстандық студенттер де қатысты.
Шара аясында қонақтарға Қазақстан туралы және Түркияда оқып жатқан Қазақстандық жастардың тұрмыс-тіршілігі туралы тусаукесер фильм көрсетілді.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Аманжол Жанкүлиев "Түркияда оқып жатқан қазастандық жастар тек оқу ордасын бітірген түлектер ғана емес, екі бауырлас халықтар арасын жалғастырушы алтын көпір болады" дегенге сенім білдірді. "Қазақстан елшілігі атынан мен қазақстандық жастарды терең білім нәрімен сусындатқан бауырлас халыққа шынайы көңілмен ризашылығымды білдіре отырып бұл дәртүрдің одан әрі жалғасын табатынына сенім білдіремін",- деді ол. Елші шараны ұйымдастыруға мұрындық болған ұйымдарға мақтау хаттарын табыс етті.
Кеш соңында ҚР білім және ғылым министрінің өкілі Болат Атыбай шараны өткізуге қолұшын берген студенттерге ризашылық білдіріп, көзге ерекше түскен жастарға бағалы сыйлықтар үлестірді.