Антикор Алматыда жер сатумен айналысқан шенеунікті тергеп жатыр

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматыда жер сатумен айналысқан қалалық жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Халық үні басылымына сілтеме жасап. 

Қазір оған қатысты 45 млн теңге сомасында пара алғаны үшін сотқа дейінгі тергеу басталды. Соттың санкциясымен ол қамауға алынды.

Тергеу сонымен қатар осы басқарманың лауазымды адамдары аффилиирленген бағалаушының көмегімен жеке жер иелерінің мүддесі үшін мемлекеттік сатып алуға жататын 8 учаскенің құнын негізсіз өсіргені анықталды.

Нәтижесінде мемлекет осы учаскелердің иелеріне шамамен 7,5 млрд теңге артық төлеген.

Бұл ретте бағалаушының бір объект үшін көрсетілетін қызметтерінің құны 2021 жылы орташа есеппен 68 теңге, ал 2022 жылы 10 теңге болған.

Сонымен қатар, қолданыстағы заңнаманы өрескел бұзушылықтар Алматы қаласының жоспарлау және урбанистика басқармасының қызметінде де анықталды.

Басқарманың лауазымды адамдары мемлекет мүддесіне қайшы, жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскелерде коммерциялық мақсатта 11 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына келіскен болып шықты.


Нәтижесінде мемлекетке аталған жер учаскелерінің жалпы сомасы 760 млн теңгеден астам төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді.

Барлығы 470-тен астам жер учаскесі тексерумен қамтылды.

Жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда.

Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.