Антыма адалдық таныттым. Желіде танымал болған жас сарбаз кім?

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Baq.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде жаппай тәртіпсіздіктер болған жерде белсенділердің өз міндетін атқарып тұрған әскериді үгіттеп жатқаны туралы видео тараған болатын. Видеодан Ұлттық ұлан сарбазы өз жағына үгіттеген адамның сөзіне көнбей, антына берік болғанын байқауға болады. Бұл әскери – ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы 6655-әскери бөлімінің лейтенанты Ұлан Мырзабай. 

Өзіне және әріптестеріне төнген қауіпке қарамастан өзін үгіттеп жатқан адамға жылы сөйлеп тұрған Ұлан халықты ерекше мінезімен тәнті еткені сөзсіз. Оны әлеуметтік желіде тараған видеоларға қалдырылған пікірлерден де көруге болады.

Алматы облысының Қапшағай қаласында туып-өскен жігіт әжесі Шынар Қарабатырқызының қолында тәрбиеленген. Жасы 23-те. Өзінен үш жас үлкен әпкесі бар. Кішкентайынан Қапшағайдағы №35 әуе-десант әскерін көріп өскен Ұлан әскери адам болуды армандаған. 

Ұлан Мырзабай - былтыр Петропавл қаласындағы Ұлттық ұланның әскери институтын тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан лейтенант. 

Алматы облысы Қапшағай қаласының тумасы Ұлан Мырзабай Ұлттық ұланда 2017 жылдан қызмет етіп келеді екен.

Әлеуметтік желіде танымал болған Ұлан Мырзабай Ақтөбедегі әскери бөлімде жарты жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазір артиллериялық-зенит дивизионының взвод командирі. Қарамағында 35 сарбаз бар.

Шынар Қарабатырқызының tengrinews.kz-ке берген сұхбатында Ұлан 3-4 жасар кезде анасы, яғни келіні науқастан қайтыс болғанын айтады. Кейін ұлы да сырқаттанып, ұзақ уақыт ем алуға тура келген. Содан балаларға жұбайы екеуі қамқоршы болған.

Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінің сарбазы Ұлан Мырзабай сол күні  Ақтөбе облысы әкімдігі алдындағы алаңда алдыңғы шепте тұрған. 


Оның сөзінше, тәртіпсіздік болған күні митингке қатысушылар жақындап келіп, өз жақтарына шығуға үгіттей бастаған. 

Әскери адам болғандықтан бұйрықты тыңдаймыз ғой. Адам көп болды. Бес саусақ бірдей емес, адамдардың ойы әртүрлі болады. Біреулері жақтады, біреулері қарсы болды. «Үкіметтің адамысың, халыққа қарсысың» деді. Біз үкіметті қорғаймыз, үкімет заңды қорғайды, халықты қорғайды, - дейді Ұлан Мырзабай. 

Біз митингке қатысушылардың талап-тілектерін айтуға қарсылық танытпай, керісінше, оларды қорғап тұрдық. Бірақ кейін оқиға басқаша жалғаса бастады. Кей адамдардың әрекеттері түсініксіз болды. Қолдарында тас, таяқ, арматура, Молотов коктейлі болды. Кенет алдыңғы шепте тұрған маған бірнеше белсенді жақындап келіп, видеоға түсірді, мені өз жақтарына шығаруға үгіттеді. Антыма адалдық таныттым. Бұйрықтың аты бұйрық екенін айттым. Отанымызды абыроймен қорғауға ант бердік. Еліміз тұрғындардың қоғамдық қауіпсіздігін сақтауды сеніп тапсырды. Сол сенімге лайық болу керек. Мен өз Отаныма адал қызмет етемін, - деді Ұлан Astana TV-ға берген сұхбатында.