Анзали айлағының басшылығы Қазақстанға астық терминалын салуға арналған жер учаскесін сатып алуды ұсынады

Иран айлақтарының басшыларымен кездесу барысында Қазақстан елшісі "халықаралық "солтүстік-оңтүстік" көлік дәлізінің құрамдас бөлігі болып табылатын Амирабад және Анзали айлақтары бүгінде екі ел арасындағы транзитті теңіз тасымалдарының көлемін арттыруда маңызды роль атқаратынын" атап өтті.

Ал Амирабад және Анзали айлақтарының жетекшілері Қазақстан мен Иран арасындағы транзитті қарым-қаынастарды тез арада біріздендіру, соның ішінде тарифтік ставкаларды қалыптастыру және кедендік процедураларды жеңілдету тетіктерін жасау қажеттігін айтты.
Кездесу барысында тараптар Амирабад айлағында тиісті инфрақұрылымы бар темір жол терминалын салу мен басты магистральмен жалғастыратын темір жол желісін тез арада тартудың маңызына тоқталды.
"Қазақстанның әлемдік мұхитқа шығар жолы жоқ. Сол себепті біз еліміздің өнімдерін Иран аумағы арқылы Парсы шығанағы мен Ирак айлақтарына транзитті тасымалдаудың экономикалық тиімділігін қарастырып отырмыз",- деді С.Тайыров.
Амирабад айлағының басшылығы мұнда 2006-жылдың наурыз айына дейін 8 мың тонналық сыйымдылығы бар астық терминалын салып, алдағы уақытта оның сыйымдылығын 30 мың тоннаға жеткізуді межелеп отыр.
Анзали айлағында 6 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін астық терминалы пайдалануға беруге дайын тұр.
Сонымен бірге Иранның жолдар мен транспорт министрлігі Қазақстан жағымен Иран аумағы арқылы үшінші елдерге қарай транзитті өтетін Қазақстан өнімдерін өңдеу және жеткізуге 65-75 проценттік жеңілдіктер енгізу үшін келіссөздер жүргізуге дайын екенін білдірді.