Апелляциялық сот алқасы кісі қанын жүктеп, 15 жылға сотталған қос қылмыскерге қатысты үкімді күшінде қалдырды - БҚО

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға былайша өрбіген. 2013 жылғы шілде айында Орал қаласындағы Циолковский көшесіндегі  үйлердің аулаларының бірінде ішімдік ішкен Виталий мен Иванға тағы бір бір бейтаныс екеу келіп қосылады. Ішудің арты осы төңіректегі «Победа» гараж кооперативінің арасына барып, қолдан есірткі жасап, тартуға ұласқан. Осы кезде бейтаныстардың біреуі кетіп қалады да, есірткіге есіріп алған кәнігі бұзақылар жақтасып, жаңа таныстарын соққыға жығып, үстіндегі іліп алар киімдері мен дүниелерін сыпырып алған.

Есіргендер мұнымен тыйылып қалмай, оның джинси шалбарынан суырып алған белбеуді мойнына салып жіберіп, қылғындырып өлтіріп, оқиға орнынан жылыстап кеткен. Қылмыстарының ізін жасырмақ болып, Ақсай қаласына барып бас тіреген олар қылмыскердің бірінің  көңілдесінің анасы С.Микрюкованың үйіне аялдап, олар осы үйдің ер жеткен баласына қосылып, ішімдік ішуді жалғастырған.

Кейін теміржол вокзалына жол тартқан қос қылмыскер жолшыбай өзара қырқысып қалып, айналғанда біреуі ат құйрығын үзіп кетіп тынған. Кетіп қалған В.Тетерятников онысымен тоқталмай, жалғыз әйел қалған Микрюковтердің үйіне қайтып оралып, үй иесі әйелді соққыға жыққан. Жөпелдемеде бұзақының құрсауынан құтылып шыққан әйел үйге қашып кіріп, іштен кілттеніп алып, аман қалды.


2013 жылғы 12 қарашада осы істі судья А.Айтуғановтың төрағалық етуімен қараған Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты В. Тетерятниковты қарақшылық жасап, қасақана кісі өлтіргені үшін ҚР Қылмыстық Кодексінің 179-бабы 2-бөлігінің «а» тармағымен, 96-бабы 2-бөлігінің «ж, з» тармағымен және 257-бабы 1-бөлігімен айыптап, мүлкін тәркілей отырып 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді. Сонымен қатар жәбірленуші С.Микрюкованың азаматтық талабы толық қанағаттандырылып, оның пайдасына  сотталушыдан 100 (жүз мың) теңге моральдық залал өндірілген болатын.

Сондай-ақ екінші қылмыскер И.Трандафиловты ҚР Қылмыстық Кодексінің 179-бабы 2-бөлігінің «а» тармағымен, 96-бабы 2-бөлігінің «ж, з» тармағымен айыптап, мүлкін тәркілей отырып 15 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кескен еді.

Сотталушылардың қорғаушыларының апелляциялық шағымы бойынша іс БҚО қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасында қайта қаралғанымен, үкім күшінде қалдырылды.