Қазақстанда 40 мың шақырымнан астам автожол мобильді байланыспен қамтылады. Аптадағы маңызды оқиғалар

Сaravan.kz медиа порталы өткен аптада болған маңызды оқиғаларға шолу жасайды.

Елімізде республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырымнан астам автомобиль жолын мобильді байланыспен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Ведомство басшысы Жаслан Мәдиев «Транстелеком» компаниясы мен мобильді байланыс операторларының өкілдерімен байланыспен қамту және телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кездесуде жобаның қазіргі жағдайы және инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану мәселелері қаралды.

Жоба аясында республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырымнан астам автожолды мобильді байланыспен қамту, сондай-ақ 500-ден астам антенна-діңгек құрылымы мен базалық станция салу көзделген.

Жұмыстар бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Республикалық маңызы бар жолдарды мобильді байланыспен қамтуды 2026 жылдың соңына дейін, ал облыстық жолдарды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жобаны қаржыландыру бюджет қаражатынсыз, инвестор  есебінен жүзеге асырылады.

Су ресурстарын басқару жоспарлары әзірленуде

Қазақстанда сегіз су шаруашылығы бассейні бойынша су ресурстарын қорғау және пайдалану жоспарларын әзірлеудің екінші кезеңі басталды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді.

Бірінші кезеңде мамандар су нысандары, жерүсті және жерасты су қорлары, судың сапасы, су пайдалану және су шаруашылығы инфрақұрылымының жағдайы туралы деректерді жинап, талдады.

Қазір осы мәліметтер негізінде негізгі проблемалар мен қауіптер анықталып, басымдықтары бойынша саралануда. Сонымен қатар су қамтамасыз етілуіндегі өзгерістер болжанып, судың зиянды әсер ету тәуекелдері бағалануда.

Келесі кезеңдерде мақсаттар мен көрсеткіштер айқындалып, су шаруашылығы және су қорғау шаралары әзірленеді. Сондай-ақ түпкілікті бағдарлама таңдалады.

Жоспарлау 15 жылдық кезеңге есептелген. Бассейндік жоспарлар Қазақстанда су ресурстарын интеграцияланған басқарудың бас жоспарын әзірлеуге негіз болады.

Қазақстан азаматтары үшін Таиландта визасыз болу мерзімі қысқарады

Қазақстан азаматтарының Таиландта визасыз болу мерзімі 60 күннен 30 күнге дейін қысқарады. Өзгеріс 15 қыркүйектен бастап күшіне енеді.

Бұл туралы Қазақстанның Таиландтағы елшілігі хабарлады.

Сонымен бірге әрбір 180 күндік кезеңде Таиландта болудың жалпы мерзімі 90 күннен аспауға тиіс.

Өзгерістер екі ел үкіметтері арасындағы ұлттық паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы келісім нормаларына көшуге байланысты енгізіліп отыр.

Таиландта 30 күннен ұзақ болуды жоспарлаған қазақстандықтар сапарға дейін тиісті визаны рәсімдеуі қажет.

Тоқаев БРИКС елдерін жасанды интеллект саласында бірігуге шақырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде өткен БРИКС саммитінің пленарлық отырысында сөз сөйледі.

Президенттің айтуынша, БРИКС құрамындағы елдер әлем халқының шамамен жартысын және жаһандық жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын қамтиды. Осыған байланысты ұйым әлемдегі бөлшектенуді еңсеруге жауапкершілікпен қарауы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС әлеуетін іске асыру үшін іргелі мәселелерді шешіп, жетекші державалар арасындағы өзара сенімді қалпына келтіру қажеттігін атап өтті.

Президент 2026 жылғы жаһандық бейбітшілік индексіндегі «ұлы фрагментация» ұғымына тоқталып, қазіргі кезең геосаяси текетірестің күшеюімен және көпжақты институттардың әлсіреуімен сипатталатынын айтты.

Оның мәліметінше, өткен жылы зорлық-зомбылықтың әлемдік экономикаға келтірген шығыны шамамен 22 триллион долларды, яғни әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 10 пайызын құраған.

Мемлекет басшысы аймақтық қақтығыстардың жаһандық экономикаға әсер ететінін атап өтті. Сонымен қатар теңіз бағыттарының жұмысына келтірілген кедергілер энергетикалық және сауда тізбектерінің осалдығын көрсеткенін айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев БРИКС елдерін жасанды интеллект саласында бірігуге шақырды.

Саммит аясында Президент бірқатар мемлекет басшыларымен және халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен қысқа кездесулер өткізді. Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен кездесіп, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асты

Әлемдік нарықта мұнай бағасы айтарлықтай өсті. Бұған Сауд Арабиясындағы нысандарға хуситтердің жаңа шабуылдары және корольдіктегі маңызды мұнай құбырының жабылуы әсер етті.

Brent маркалы мұнай фьючерстері 107 доллар, ал WTI фьючерстері 102 доллар шамасында саудаланды.

Өткен аптада екі марканың да бағасы 8 пайыздан астамға өскен.

Сонымен қатар Baker Hughes мұнай сервистік компаниясының мәліметінше, АҚШ-та жұмыс істеп тұрған мұнай бұрғылау қондырғыларының саны өткен аптада біреуге артып, 450-ге жетті. Бұл өткен жылдың мамыр айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Газ бұрғылау қондырғыларының саны екіге өсіп, 132-ні құрады.