Апта оқиғаларына шолу: Елді дүр сілкіндірген концерттің экономикалық тиімділігі мен шу шығарған жәрмеңке

Өткен апта несімен есте қалды? Елді шулатқан Дженифер Лопестің концерті ел экономикасына пайда әкелді ме? Астанада өткен тәжік өнімдерінің жәрмеңкесі неге шу шығарды? Елордада балалардың терезеден құлау оқиғалары неге жиілеп кетті? Әлемде не болып жатыр? Caravan.kz медиа порталы апта жаңалықтарына шолу жасайды.

Алматыда өткен Дженифер Лопестің концерті қала экономикасына 10 миллиард теңгеден астам табыс әкелді. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, Орталық стадионда өткен шоуға 27 мың көрермен келген, олардың шамамен 7 мыңы 35 елден келген туристер. Нақтырақ, көршілес ТМД мемлекеттерінен бастап АҚШ, Канада, Түркия, Жапония, Қытай, Германия, Ұлыбритания және Франциядан ат басын тіреген.

«Алдын ала есеп бойынша, іс-шарадан түскен салық көлемі шамамен 600 миллион теңгені құрады. Қала үшін экономикалық әсері бұдан да ауқымды болды. Mastercard төлем жүйесінің деректеріне сәйкес, шетелдік туристер Алматыда орта есеппен 3,5 күн аялдап, тәулігіне шамамен 440 доллар жұмсайды. Қаржы қонақүйге, тамақтануға, көлікке, экскурсияларға және саудаға кетеді. Концертке байланысты Алматыға келген шетелдік қонақтардың шығындары қалаға 5 миллиард теңгеден астам табыс әкелген», – деп хабарлады әкімдік.

Сонымен қатар, мейрамханалар, кофеханалар, қонақүйлер мен көлік компаниялары қосымша табысқа кенелді. Стадион аумағындағы фуд-корт концерт өткен күні шамамен 15 миллион теңге пайда тапқан.

«Барлық көрермендердің шығыстарын және жанама кірістерді ескере отырып, концерттен түскен жалпы қаржылық айналым Алматы туризм басқармасының алдын ала есебі бойынша 10 миллиард теңгеден асты», – делінген ресми хабарламада.

Астанадағы шулы жәрмеңке

Астанада өткен Тәжікстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде тауарлар қала тұрғындарынан қоршау және полиция арқылы бөлінді. Бұл туралы «Kursiv.media» жазды. Кәсіпкерлер 1000 тоннадан астам өнім өнім ұсынған. Олардың ішінде жаңа жемістер мен көкөністер, құрма, жаңғақ және бақша дақылдары болды.

«Жәрмеңкедегі кадрларда бірден көзге түсетіні – таудай үйілген қауын, қарбыз бен жүзім. Сондай-ақ тәжік палауы қойылған арнайы бұрыштар да бар. Алайда келушілер тағамдарға оңайлықпен жете алмады. Жеміс-жидектердің арасын адамдардан темір қоршаулар бөліп тұрды, ал олардың бойында полиция қызметкерлері кезекшілік етті», – деп жазады басылым.

Еске сала кетсек, 2023 жылы Астанада өткен дәл осындай Тәжікстан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі «мүлікті бүлдірумен» аяқталған еді.

Астанада жыл басынан бері 52 бала терезеден құлап кеткен

Астанада биылғы жылдың басынан бері 52 бала терезеден құлап, оның 39-ы жарақат алып ауруханаға түсті, ал 13 жағдай өліммен аяқталды. Бұл туралы ҚазТАГ қалалық әкімдікке сілтеме жасап хабарлады.

«Алдын алу шаралары аясында ТЖД қызметкерлері, жасөспірімдер полициясы, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың пәтерлеріндегі терезелерге 900-ден астам қауіпсіздік құлыптарын орнатты. Жалпы ел бойынша құтқарушылар 3920 қорғаныс құлыбын орнатқан. Бүгін елордада барлық аудан қамтылған ауқымды акция өтті», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Ayel телеграм-арнасы терезеден көбіне бес жасқа дейінгі бүлдіршіндер құлайтынын, алайда жасы үлкен балалардың да мұндай оқиғалары аз емес екенін жазған.

Лондондық 10 жасар қыз гроссмейстерді жеңген ең жас шахматшы атанды

Snob басылымы CBS News-ке сілтеме жасай отырып хабарлағандай, Лондондық 10 жасар шахматшы Бодхана Сивананда әйелдер арасында халықаралық шебер атағын жеңіп алған ең жас қыз атанды. Тамыз айының басында ол Ұлыбритания чемпионатында гроссмейстерді жеңді.

Бодхананың жаңа атағы - халықаралық әйел шебер - тек әйелдерге берілетін екінші жоғары атақ, тек гроссмейстерден кейін тұрады. Гроссмейстер – бұл шахматшы қол жеткізе алатын ең жоғары атақ және ол өмір бойы сақталады.

Бір жыл бұрын Сивананда шахматтан ұлттық құрамаға қосылғанда ел намысын халықаралық деңгейде танытқан ең жас британдық спортшы болды.

Ол алғаш рет шахмат ойнауды 5 жасында COVID-19 пандемиясы мен карантин кезінде бастаған. Ол өзінің алғашқы шахмат тақтасын Үндістанға оралуды жоспарлаған әкесінің досынан алды. Бастапқыда Бодхана шахмат фигураларын ойыншық ретінде пайдаланды, бірақ кейін ойын ережелеріне қызығушылық танытты. Оның отбасында қыздың өзінен басқа ешкім шахмат ойнамайды.

Оның әкесі қызына ерекше қабілет қайдан дарығанын білмейтінін айтты, өйткені ол да, әйелі де инженер және шахматты жақсы ойнай алмайды.

Қытай алғаш рет жасанды жатыры бар роботты таныстырды

«Холод» басылымы «Чосон ильбо» газетіне сілтеме жасап хабарлағандай, Қытайда нәрестені көтеруге қабілетті адам тәріздес робот құрастырылды. Оның іш қуысына жасанды жатыр орнатылған және ол ұрықты 10 ай бойы дамыта алады. Жоба амниотикалық сұйықтықпен толтырылған жасанды жатыр модуліне негізделген. Онда эмбрион дамып, табиғи жүктілікке еліктейтін арнайы түтік арқылы қоректік заттарды алады.

Стартаптың бас директоры және негізін қалаушы доктор Чжанның айтуынша, құрылғы жануарларда сынақтан сәтті өтті. Роботтың өзі 2026 жылы нарықта шамамен 100 000 юань (шамамен 14 000 доллар) бағасымен пайда болады. Технология балалы болғысы келетін, бірақ биологиялық жүктіліктен аулақ болуға тырысатын жастарға, бала көтере алмайтын отбасыларға, сондай-ақ жалғызбасты адамдарға арналған.

Бұл жоба қытайлық әлеуметтік желілерде қызу реакция тудырды. «Әлемдегі бірінші жүкті робот» сұрауы бойынша Weibo іздеу рейтингінде көшбасшы болды. Пікірлер екіге бөлінеді: даттаушылар технологияны сынап, маңыздылығы төмен деп атаса, жақтаушылар оны әйелдерді жүктілік кезіндегі физикалық қиындықтардан арылту әдісі деп санайды. 

"2020 жылда Қытайда бедеулік 18 пайызға жеткенін және елде суррогат анаға тыйым салынғанын ескерсек, мұндай технологияға сұраныс өте жоғары болуы мүмкін", - деп жазды Interesting Engineering.

Көптеген желі қолданушысы робот оларға балалы болу армандарын жүзеге асыруға көмектеседі деп үміттенеді.