Ақ үйдің баспасөз хатшысы Тони Сноудың баспасөз мәслихатында мәлімдегеніндей, "Қазақстан - Орталық Азиядағы маңызды стартегиялық әріптес болып табылады. АҚШ президенті мен президент Назарбаев демократияны ілгерілету, лаңкестікпен күрес, энергетиканы диверсификациялау, гүлденуді жаппай тарату, екі елдің де еркіндік пен қауіпсіздікті қолдайтынына қатысты кең көлемді мәселелер топтамасын талқылайды".
Осыған байланысты АҚШ-тағы Қазақстан елшісі Қанат Саудабаев : "президент Н.Назарбаевтың сапары қарсаңында өзара стратегиялық әріптестігімізді одан әрі нығайта түсуге пейіл екенімізді мәлімдейміз",- деп атап көрсетті. "Кейінгі жылдары АҚШ-та Қазақстан сенімді дос әрі әріптес деген пікір орнықты. АҚШ бұл елмен бірлесіп лаңкестікке қарсы соғыста, халықты жаппай қырып-жоюға бағытталған қару-жарақтың таралуына жол бермеу, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және еркіндік пен демократия орнату ісінде көп іс тындырды",- деді ол. "Біздің елдеріміздің бейбіт әрі гүлденген болашақ орнату үшін бірлесіп көп нәрсе тындыра алатындығы жайлы мәселе президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Джордж Буштың алдағы келіссөздеріне арқау болмақ. Біз алдағы кездесу екі халық арасындағы достықты тіптен нығайта түседі және Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік үшін жаңаша көкжиектерді ашады дегенге сенеміз",- деді АҚШ-тағы Қазақстан елшісі.
АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған және онымен 1991-жылы дипломатиялық байланыс орнатқан елдердің бірі. 2001-жылы Қазақстан мен АҚШ президенттері екі ел арасындағы қарым-қатынасқа "ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік" деген сипаттама берді. Қауіпсіздік пен қару таратпау; энергетикалық әріптестік пен демократия саласындағы диалог оның шешуші құрамдас бөліктерінің бірі.
1991-жылдан бастап Қауіп-қатерді бірлесіп азайту жөнідегі Нанн-Лугар бағдарламасының аясында АҚШ Қазақстанға бұрығы Кеңестер Одағынан мұраға қалған, көлеміне қарай әлемдегі төртінші орындағы ядролық қару қорынан құтылуға, халықты жаппай қырып жоятын қару-жарақты өндіру мен сынау инфрақұрылымын жоюға қолдау көрсетті. Бүгінде бұл саладағы ынтымақтастық уранды қару-жарақтан басқа мақсатта байыту саласында дамып келеді.
2001-жылдың 11-қыркүйегіндегі лаңкестік әрекеттерінен бері Қазақстан АҚШ-қа лаңкестікпен күрес және Ауғанстанды қалпына келтіру салалары бойынша кең көлемді қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан халықаралық коалиция құрамында Иракқа өзінің әскери контингентін жіберген Орталық Азиядағы жалғыз және санаулы ғана мұсылман елдерінің бірі болды.
Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып келеді. АҚШ Қазақстандағы ірі шетелдік инвестор. Мұнда 400-ден астам АҚШ компаниялары жұмыс істейді. Олар елге 15 млрд. доллардан астам инвестиция салды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті