«Ақ жол» партиясы депутаттары үкіметті Алматыдағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге көмектесуге шақырды

«Ақ жол» партиясының депутаттары премьер-министр Серік Ахметовті базардағы өрттен зардап шеккен алматылық кәсіпкерлерге көмектесуге шақырды.


           «Зардап шеккен кәсіпкерлер не істерін білмей отыр. Базарлардағы кәсіпкерлердің олигархтар емес, белгілі бір себептерге байланысты базардан нәпақа табуға мәжбүр болған қарапайым әйелдер екенін ескеру керек. Кей жағдайларда олар отбасының асыраушысы болып табылады», - деді мәжілістің сәрсенбідегі отырысында үкімет басшысына арнаған депутаттық сауалымен таныстырған Талғат Ерғалиев.
           Оның айтуынша, өрт салдарынан жүздеген кәсіпкер кезекті төлемдер мен ипотекалық несиелерін өтей алмай отыр.
           «Жүздеген кәсіпкерге балаларымен бірге далада қалу қаупі төніп тұр. Олардың отбасылары бейшараның күйін кешуге мәжбүр болмақ», - деді Т.Ерғалиев.
           «Өрттің салдары ауыр жағдайларға душар етті және мұның бизнеспен айналысудың қарапайым ережелерін сақтамау салдарынан болып отырғаны түсінікті. Тауар сақтандырылмаған, оның үстіне базарлар да заңсыз жұміс істеген. Өйткені, сот өрт қауіпсіздігі мен өзге де талаптарды сақтамағаны үшін оларды жабу туралы шешім шығарған», - деді ол.
           Бұл жерде таяқтың бір ұшы сот орындаушыларына, өртке қарсы қызмет пен өзге де жауапты органдарға тиеді, деді депутат.
           «Бірақ, өрттен зардап шеккендердің мемлекеттен көмек сұрауына ешбір негіз жоқ, себебі ол жеке бизнес, ал мемлекеттің бұған қатысы жоқ деген сөздерді оларды қорлау деп білеміз. Тауары өртеніп кеткен кәсіпкерлердің адал салық төлеуші болғанын ұмытпау керек. Сондықтан да олар мемлекеттен көмек сұрай алады», - деп атап өтті ол.
           «Серік Нығметұлы, сізден аталған мәселені жеке бақылауға алып, зардап шеккен кәсіпкерлерге тиісінше көмек көрсетуді сұраймыз. Қол қусырып қарап отырып, халықты осынша шығынға батырған лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту қажет деп есептейміз», - деп қорытты Т.Ерғалиев.