«Өздеріңізге мәлім, Парламент Мәжілісінің V шақырылымында жұмыс істеген барлық фракциялардың ұсынысы бойынша Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың 20 наурызында Мәжіліс және жергілікті мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Партиялық фракциялардың бұл бастамасына түрткі болған себептерді біз 13 қаңтардағы жалпы брифингте баяндаған болатынбыз. Оның үстіне біздің фракция мүшелерінің барлығы дерлік осы мәселе жөніндегі өз ұстанымдарын бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде бірнеше рет білдірген. Бұл шешімнің фракцияның да, Партияның Президиумының да отырыстарында қолдау тапқанын атап өту керек. Президиум мерзімінен бұрын сайлау өткізуді қолдап, тиісті Мәлімдеме қабылдады»,-деп тоқталды «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев.
Ол сайлауға «Ақ жол» демократиялық партиясының қатысуы туралы мәселе 21 қаңтарда партия Президиумының отырысында талқыланғанын айта келе: «Қазіргі жағдайға беріліп отырған баға Президиум мүшелерінің аталған отырыстың қорытындысымен шығарған ортақ ұстанымы болып табылады. Президиум маған Мәжіліс және жергілікті мәслихаттардың депутаттарының кезектен тыс сайлауына «Ақ жол» демократиялық партиясының қатысуы туралы съездің ресми шешім қабылдауына ұсыным беруді тапсырды, соның негізінде мен тиісті ұсыныс енгізіп отырмын», - деді.
Осы орайда съезд барысында делегаттар бірауыздан партияның сайлауға қатысуы туралы шешімін қолдады.