""Ақ жол" демократиялық партиясы лаңкестік пен зорлық-зомбылық көріністерін қашан да айыптап келген",- деді А.Дүйсенов. "Болған оқиғаға қатысты нақты жорамалдың жоқтығына байланысты, осынау жарылыстың мақсаты - "Отан" республикалық партиясына қарсы бағытталған лаңкестік әрекет деп ойлағым да келмейді",- деді ол.
Партия "құзыретті мекемелер тиісті тексерулер жүргізіп, кінәлі адамдарды анықтайды және олар заңда қарастырылған қатаң жаза жүктейді" дегенге сенім білдіреді.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 28-қараша, жексенбіде "Отан" партиясының Алматы қалалық филиалының ғимаратында екі жарылыс болды.
ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің мәліметі бойынша, жарылғыш заттар ғимараттың оңтүстік жағындағы телефон желісінің қалқанында және ғимараттың бірінші қабатының терезесі алдында орнатылған екен.
Жарылыстар салдарынан сол жерден өтіп бара жатқан кездейсоқ жүргінші жеңіл жарақат алды. Ғимараттың бірінші және екінші қабатындағы әйнектер сынды.
Алматы қалалық полициясы оқыс оқиғаға қатысты басты жорамал ретінде бұзақылықты алға тартып отыр.