Чемпионат барысында 20 жастағы Ақан бес кездесу өткізді. Алдымен ол Венгриядан келген қарсыласын ұтса, кейін ол ақтық сынға шыққан ресейлік спортшыдан 1:6 есебімен жеңілді. Ақан үшінші орын үшін әлем біріншілігінде румыниялық атлетті 7:0 есебімен, армян спортшысын 5:3 есебімен және грузин күресшісін 3:1 есебімен ұтқаннан кейін шықты.
«Ең қиын кездесу Армения спортшысымен болды, - деді Ақанның жаттықтырушысы Қонысбек Түкенов. - Бұл кездесу тең өтті, Ақан қарсыласын өзінің ерік-жігері мен қайсар мінезінің арқасында жеңді».
Жаттықтырушының сөзіне қарағанда, спортшы әлем чемпионатына Қазақстан құрамасының сапында екінші болып барды (55 келі салмақта). Бірінші номердегі спортшы астаналық Әмірбек Ізбасқанов жақында өткен Азия чемпионатында ойдағыдай өнер көрсете алмай, ел құрамасының бапкері әлем чемпионатына солтүстікқазақстандық спортшыны жіберуді жөн көрген.
Жоғары спорттық шеберлігі мектебі мен СҚО олимпиадалық резервтегі дайындық орталығының тәрбиеленушісі Ақан Баймағамбетов өзіне артылған үмітті ақтады.