Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайына Александр Ритихтың 1930 жылдары салынған туындылары сыйға тартылды

Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Аталған акцияны Қазақстанның қазіргі заманғы бейнелеу өнеріндегі А.Риттихтың рөлі мен шығармашылығының маңызын жете түсінген Мәскеу қаласының тұрғыны Александра Понютина ұйымдастырып отыр. Ол өзінің жеке қорында тұрған туындыларды қазақстандық мұражайдың қорына қайтарымсыз беруге шешім қабылдаған. Аталған туындыларды А.Риттихтың қызы кезінде әжесіне сыйға тартыпты.

Александр Риттих (1889-1945) ұзақ жылдар бойы Қазақстанда тұрып, республиканың бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосты. Оның жұмыстары қатарында еліміздің табиғат көріністері, натюрморттар, белгілі адамдардың портреттері бар. ол Алматыдағы көркемсурет училищесінің алғашқы педагогтарының бірі болып, көптеген қазақстандық қылқалам шеберлеріне, оның ішінде Ә.Қастеевке де кеңес берген.