Ақбота Керімбекова мен Қазбек Қасым «Екі жұлдыз» теледуманының жеңімпаздары атанды

Жеңімпаздарды құттықтау рәсімде сөз сөйлеген телеарнаның басқарма төрағасы Жанай Омаров: «Ақтық сынға шыққан бес жұп - жеңімпаз деп аталуға әбден лайық. Бірақ та, сайыстың аты сайыс», -деді ол. Оның айтуынша, бұл маусымның ерекшелігі - жас орындаушыларға назар аударылуында болған.

Жанай Омаров сонымен қатар, ««Екі жұлдыз» жобасының ең үлкен, ең маңызды нәтижесі халықтың көңілінен шығып, халықтық сауық-думанға айналғандығы екендігін атап өтті. «Халық біздерге риза болса, бұдан жоғары ешқандай баға жоқ деп ойлаймын. Сіздердің ұсыныстарыңызбен бұл жоба келесі жылы да жалғасын табатын болады. Сондықтан біз сіздерге «қош» деп айтпаймыз. Көктемде өтетін «Гала» маусымында жүздескенше дейміз», - деді ол.

Өз кезегінде жеңімпаздар халыққа дауыс беріп, қолдағандарына алғыстарын білдірді.

Теледуманға қатысқан жұптар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.