Ақмешіт мұражайы астаналар тарихынан сыр шертетін болады

Айта кету керек, Ақмешіт мұражайы 2005 жылы желтоқсан айында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорданың астана болғанына 80 жыл толуына байланысты ашылған. Бұл мұражайда негізінен Қызылорда қаласының 1925-29 жылдар аралығында еліміздің астанасы болған кезін баяндайтын деректер қойылған, біраз мұралар сақталған. Сол жылдары қазақ елінің өнері мен мәдениетін көтеруде қызмет жасаған қазақ зиялылары туралы да біраз мағлұматтар бар.

Мұражай ғимараты күре жолдың бойында, яғни, Қызылода темір жол вокзалының жанында орналасқан. Мұражайды көруге келетіндердің қатары жыл бойы үзілмейді.

«Әсіресе, қыркүйек пен мамыр айының ішінде мектеп оқушылары мұражайға өте көп келеді. Біз мектеп басшылығымен бірлесе отырып, қала тарихын оқып-білу, мұражаймен танысу кестесін жасаймыз. Мысалы, жылдың ішіндегі атаулы күндерге байланысты іс-шараларды осы мұражайда өткіземіз. Немесе лекция дайындап, жылжымалы көрмелер ұйымдастырып, мектептерге барып, тарихи кезеңдер жөнінде баяндап береміз. Мектептермен, колледждермен және университеттермен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз»,- дейді Ақмешіт мұражайының ғылыми қызметкері Кенжегүл Ахметова.

Дегенмен бүгінгі таңда Ақмешіт мұражайы ғимаратының ескі болуы өзекті мәселеге айналып тұр. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Өйткені бұл ғимарат 1905 жылы салынған. Ол темір жол вокзалының қосалқы бір ғимараты болған. Қызылорда қаласының әкімшілігі оны тарихи нысан болған соң, бұзбай сақтап қалған.