Ақмола облыстық мәслихатының депутатын атып кетті!

Депутат Александр Клименко сенбіден жексенбіге қараған түні зайыбы екеуі аудан орталығындағы жастар мерекесіне арналған кештен оралған. Бұл ол ұйымдастырған соңғы шара болды. Негізгі жұмысынан бөлек, атқамінер ауыл шаруашылығымен айналысатын ірі ЖШС-не басшылық еткен. Ауылдағы 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған.

Марқұмның қарындасы:

- Біз осы ауылда туып өстік. Ағам жұртқа тек жақсылық жасады. Ауылдың тұрмысы жақсы болуы – сол кісінің еңбегі. Оны кім, не үшін өлтірді сонда?

Алдын ала дайындалып келген қарақшылар ерлі-зайыптыларды үй ішінде күтіп отырған. Әйелі Татьянаны басынан ауыр затпен ұрып, екінші қабатқа апарып,байлап тастапты. Ал Александрды үйінің бірінші қабатында аңшы мылтығымен атып өлтірген.

Татьяна Клименко, жесірі:

- Оңбағандар, қалай қолдары барды?! Мені де аяусыз ұрды. Қылмыскерлердің жас екені ғана есімде бар. Ақша сұрады. Енді ғана егістік жұмыстары бітті, сондықтан үйде ақша жоқ болатын. Оқтың атылғанын да естідім. Байлаулы жатқан соң, әттең, көмектесе алмадым...

Александрға ешкім көмекке келе алмаған. Ол жараланған күйі жанұшыра есік алдындағы алма ағашының түбіне жетіп, жан тапсырған.

Депутатты өлтірген  күдіктілер оның  джип автокөлігін мініп кеткен. Тіпті олардың қай жаққа бет алғанын көргендер де бар. Бірақ олар ізін суытып үлгерген. Әзірге қылмыскерлер құрықталған жоқ.


Қазір барлық жол бекеттерінде мұздай қаруланған  жедел іздестіру тобы көліктерді тексеріп жатыр. Тәртіп сақшылары Александр Клименконың өлімін облыстық мәслихаттағы қызметімен байланыстырмайды.

Гүлнәр Пинчук, Ақмола облыстық ІІДбаспасөз қызметінің жетекшісі:

- Жедел із кесу шаралары өтіп жатыр. Бірнеше жағдай қарастырылуда. Бірақ, депутаттың өліміне оның іскерлік әрекеті себеп болған жоқ. Қандықол қылмыскерлер кәсіпкерден ақша алуды көздеген.

Ақша іздеген қаскөйлер кәсіпкерді атып өлтіргеннен кейіноның  кеңсесіне де барған. Есігін бұзып ашып, сейфтегі ақшаны алыпты. Бірақ онда қанша сома болғаны белгісіз. Депутаттың жесірінің айтуынша, күйеуі бір аптадан кейін 60 жасқа толу мерейтойын атап өтуіне қажет қаражатты кеңсесіндегі сол сейфте сақтап отырған.