Ақмола облысында 1 млн. теңге көлеміндегі қаражатты қымқырған әлеуметтік педагог ұсталды

Полицейлердің мәліметі бойынша, алаяқтықпен айналысқан әлеуметтік педагогты құрықтауға Көкшетау қаласының тұрғыны 19 жасар бойжеткеннің қалалық ІІБ кезекшілік бөліміне берген арызы арқау болған.

Бойжеткеннің сөзіне қарағанда, балалар үйінің тәрбиеленушісінің есепшотындағы қаражатты оның қамқоршысы жымқырып кеткен.

Тергеу барысында арыз берген балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісінің есепшотындағы 1 миллион теңге қаражатты 2013 жылы оның қамқоршысы, қазіргі кезде зардап шегуші білім алатын колледждің әлеуметтік педагогы алаяқтық жолмен жымқырғаны анықталды.

Қазіргі кезде күдікті өз кінәсін мойындады, оның үстінен ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.