Ақмола облысында ауыл тұрғындары жетімдерді жаппай асырап алып жатыр

Жетімді жебеген ауыл!Ақмола облысындағы Қошқарбай ауылы 11 жеткіншекті бір күнде бауырына басты, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы  өзінің көрікті табиғатымен, әріден басталатын ата тарихымен ғана ерекшеленбейді екен. Мұндағылар әркім бара бермейтін игі қадам жасап, отыр. Осылайша, олар жәутеңкөз балалардың да, ауылдың тағдырын да өз қолдарымен шешті. 60 үйлі ауыл кешікпей тағы бірнеше жетім балақайды  ауыл тәрбиесіне тартпақ.

Қошқарбай тауының етегінде орналасқан шағын ауыл – түтіні түзу шыққан қазақ елді мекендерінің бірі. Олар үшін кіндік қаны тамған туған мекені, тасында табанының ізі қалған тауы қымбат. Осылай деген жұрт бір сәтте ауыл мектебі жабылады дегенде қатты уайымдаған. Сөйтіп, бірауыздан келісімге келген. Жетімдерді бауырға басып, ата-аналық мейірімге бөлеу тығырықтан шығар жол деп тапқан. Шынымен де, 6 отбасы барып 11 баланы асырап алғанда алдымен ойлағандары тек ауылды құтқару еді. Бірақ бұл балалар қазір өз баламыздан кем емес дейді олар.

Гүлнәр Баймаханова, Қошқарбай ауылының тұрғыны:

-Өзімнің туған 4 балам бар. Соған қарамастан балалар үйінен 3 бала алып келдік. Енді жолдасым екеумізде бір келіспеушілік болды. Ол маған ұл алып кел деді, жоқ мен қыз алып келем деп. Балалар үйіне барсақ,бір сүйкімді балалар көздері жалтырап, әдемі болып күліп тұрған. Өз балаларыма ұқсап кетті.

Бауырына басқаны өзге ұлттың баласы екен. Соған қарамастан,  өзінің 4 баласына қосылып, қазір бір әке-шешеден туғандай болып кетті дейді ата-анасы. 

-Мынау менің інілерім.Шахназар мен Мақсат. Мен олармен ойнаймын, жақсы көрем.


-Сергей аға, Андрей аға,ағатай.

-Ауыл болып асырап алған 11 оқушы осыдан  1 жыл бұрын қыркүйекте мына мектеп партасына имене кеп отырған. Қазір ауыл балаларына да,мектеп мұғалімдеріне әбден үйренген. Қазақ тілінде де таза сөйлеп, бағдарламаны меңгеріп алды дейді ұстаздары. Ал өздерін қай ауылдың баласысыңдар деп сұрай қалсаң, бірден Қошқарбайдың балаларымыз деп жауап береді..

Ауыл мектебінде қазір 40 оқушы бар. Бала саны шағын білім ошағын ұстауға жеткен соң ол жабылмайтын болып шешілген. Ең бастысы, аудан орталығындағы балалар үйінде тек дайынға үйренген жеткіншектер енді ауыл өміріне көндігіп қалған.

Айгүл Жақсыбаева, М. Хасенов атындағы Қошқарбай негізгі мектебінің директоры:

-Бізде де, балалар да қобалжу болды. Ата-аналарда және бізде осындай тәжірибе болған жоқ. Қамқоршылыққа алған балалармен жұмыс істеген жоқпыз. Біраз қиыншылықтар болды. Оқушылар үйренді. Ауыл тұрғындары балаларды жақсы қабылдады.

Ауыл тұрғындары шынымен игі істің жалғасуын күткен. Жетім балалардың өз отбастарын тауып, ауылға сіңісіп кеткеніне енді көздері жеткен сияқты. Бұл 11 баланы  негізінен мектеп мұғалімдері асырап алыпты. Қазір Қошқарбайдың басқа тұрғындары да балалар үйіне жиі барғыштап жүр.