30 жылдық тәжірибесі бар Гүлнар Сұлтанова қатаң сөгіс алып қоймай, аяқасты жемқор атанғанына қапалы. Бұған кезекшілікке шығып, шақыртуларға барғаны тиісті ақысын сұрағаны себеп екен. Осы бастаманың арқасында 15 дәрігер тиесілі 500 мың теңгесін өндіріп те алған. Сұлтанова сол үшін басшылықтың қудалауына түстім дейді.
Гүлнар Сұлтанова, отоларинголог:
-Бас дәрігер мені сыбайлас жемқорлықпен айналысты деп жазған.Осыны оқығанда, тілім байланып қалды. Бұл барып тұрған жала. Емдемеген сырқатқа анықтама толтырып, жалақы алды депті.
Дәрігер құзырлы орындардың барлығына шағымданған. Ақыры прокуратура мен еңбек инспекторлары тексеру жүргізіп, сөгістің нақақтан жарияланғанын анықтапты.
Александр Рукавишников, Ақмола облыстық еңбек инспекциясы басқарманың еңбек инспекторы:
-Бас дәрігер Еңбек Кодексін бұзған. Тексеріс барысында берілген тәртіптік жаза негізсіз деп танылды. Қатаң сөгіс алып тасталды.
Азаматтық сот аты-жөні жоқ сөгіс жариялағаны үшін бас дәрігердің мойнына 76 мың теңге өтемақы артқан. Ал «жемқор» деп жалпақ жұртқа жариялағаны үшін қазір бас дәрігердің мәселесін қылмыстық істер жөніндегі сот қарап жатыр.
Бануржан Жанғалов, Зеренді аудандық ауруханасының бас дәрігері:
-Осы Сұлтанова ханымның неге менің ізіме түсіп алғанын түсіне алмай қойдым. Қазір сот жүріп жатыр. Нақты нүктесін солар қойсын.
Сотта куәгерлікке тартылғандар емхана қызметкерлері. Бірі бас дәрігерін жақтаса, екіншісі лор-дәрігердің жағында. Осылайша Зерендінің дәрігерлері жікке бөлініп, сот жағалап жүргенде науқастардың жайы ескерусіз қалып жатыр.
Loading...