Ақмола облысының Целиноград ауданында із-түзсіз жоғалып кеткен қарт әженің денесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қажымұқан ауылының тұрғыны, 1941 жылғы Несіп Қадырқызы Рақымованы іздестіру шарасына Целиноград аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мен туыстары тартылған.
"Нəтижесінде бүгін полициялар кейуананың жансыз денесін Қажымұқан ауылынан 5 шақырым жерден, теміржолдың бойындағы орманның ішінен тауып алды. Бастапқы мəлімет бойынша кейуана адасып кеткен болуы мүмкін. Сағат 16:25-те мүрде мəйітханаға жіберілді", – делінген ақпаратта.
Айта кетерлігі, іздеушілерге Төтенше жағдайлар комитетінің құтқарушыларына тиесілі иісшіл ит көмекке келді.
Марқұм дүкенге шығып кетіп, сол күйі оралмаған еді.