Ақмола облысында колонкадан шыққан дау ушыға түсті

-Атауы Қарабұлақ болғанымен ауызсуға әбден зарығып барып қол жеткізген ауыл бұл. Құрылысы аяқталмай бес жыл тұрған нысанға мемлекеттен бөлінген 100 миллион теңге талан-таражға түскен. 1 жыл бұрын ғаан әупірімдеп барып іске қосылған су құбырынан жұрт шөлі қанып су ішіп те көрмепті.

Бұл – 2008 жылдан бергі «Сапалы су» бағдарламасының жаңғырығы. Әлдекімдердің қалтасына түскен мемлекет қаржысы әлі қайтарылған жоқ. Сот күні бүгінге дейін жалғасуда. Ауыл тұрғындары болса, былтыр ғана суға қолы жетіп, қатты қуанған. Енді келіп екі көшедегі құбырларды қайта бұзып тастапты. Өйткені қарабұлақтықтар суға 200 мың теңге қарыз екен.  

Колонканы алуға қандай қақы бар? Жоқ, енді, ашуланбағанда қайтеміз?

Раушан Нұрғалиева, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

-Неше жылдан бері осы суды күттік. Енді колонканы өткізді. Ана колонка істемейді, мынауы да  істемейді. Енді жаздыгүні бітпей пайда көріп едік. Енді алып тастап жатыр. Бәлен миллион төлеп, не үшін өткізді?

Енді әкімдіктегілер әркім суды өз үйіне тартып алсын деп отыр. Оған әр отбасы жүздеген мың теңге төлеуі тиіс. Ал оған жұртта ақша жоқ.


Жанбике Рақымжанова, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:

-Оған ақшаны қайдан табамыз?Колонкаларды аламыз, кіргізіңдер. Кіргізбесеңдер, қайдан алсаңдар одан алыңдар дейді. Маған, міне, кіргізу үшін 200 мың керек. Ол тек сыртына.

Ауыл жұрты малмен жан бағады. Оны да осы колонкалармен суғарып отыр. 300 түтіні бар ауылдың тұрғындары осыны айтып, талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ. Ал жергілікті әкім оларды жаңаша өмір сүруге шақыруда.

Қайыргелді Әйтенов, Қарабұлақ ауылдық аймағының әкімі :

-Ол  қалалық су арнасынң шешімі. Өйткені көбі төлемейді. Оларда ақша жоқ, мен түсініп отырмын. Үйге кіргізу керек қалайда суды.  

Өркениет ырзығын әзірге осы кісі ғана көріп отыр. Кеш болса, көз байланатын ауылда әкімнің үйіне баратын көше шамдары ғана жарқырап тұрады екен. Ал тұрғындар «басқасы басқа, әзірге ауыз суды қалдырса, соған да разы болар едік» дейді.