6 баланың әкесі Еркін Әубәкіров мына ескі үйді 14 жыл бұрын сатып алған. Содан бері саманнан жасалған бұл баспананы жамап-жасқаумен келеді. Әр жерде жалданып тапқан табысы 8 жанның күнкөрісінен артылмайды. Жыл өткен сайын ескі үйдің қабырғалары қақырап, құлап қалуға шақ тұр. Өткен жылы арнайы комиссия баспананы апатты деп таныған.
Еркін Әубәкіров, Зеренді ауылының тұрғыны:
-Міне,ар жағынан дала көрініп жатыр қараңыз.Стенкаларына слақ жасадым күздігүні. Кепті, сосын түсіп қалды.
Отағасы опырылып түсіп жатқан қабырғаға бер жағынан жұқа тақтайша шегелеп қойған. Бірақ ол да шыдас берер емес.Шиеттей 6 бала қазір осы үйде жазғы демалыстарын өткізіп жатыр. Ал ерлі-зайыптылар баспана сұрап барғанында, шенеуніктерден сөз естіп қайтады екен.
Айгүл Әубәкірова, Зеренді ауылының тұрғыны
-Көп үйлер беріліп жатыр.Біздерге жоқ әлі.Жкх-ға бардым,районный акимға барғанда аким айтты жолдасыңыз жұмыс істемейді.Соншама баланы неге тапқызады деп. Мен жылап шықтым.
Апатты үйдегі отбасына әкімдік уақытша қарттар үйінен бөлме берген. Бірақ 6 баламен бір бөлмеде тұра алмайтынын айтып бас тартыпты. Ал әкім-қаралардың бұдан артық ұсынар көмегі жоқ.
Нұрлан Боқанов, Зеренді аудандық ТКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
-Бұл отбасы пәтер кезегінде тұр. Иә, үйі апатты деп танылды. Қарттар үйінен бөлме беріп едік, бармады. Енді кезегін күтсін, басқаша шеше алмаймыз.
Әубәкіровтер отбасы қазір пәтер кезегінде 8-ші болып тұр. Бірақ жақын арада баспана алатындарына сенбейді.Өйткені дәл осындай 5 баласы бар отбасы кезегіміз төмен қарай жылжи береді деп шағымданып отыр.
Айгүл Шекенова, Зеренді ауылының тұрғыны:
-ЖКХ-ға бардым.5 баламен көшіп қонып жүрмін деп.Маған айтты Сіз кезегіңізді күтіңіз деп.Кезегім 103 болған,106-шы болып тұрмын.-Қалай?-Білмеймін 106 қылып шегеріп қойыпты.
Айгүл Шекенова – жалғызбасты ана. 5 баланың екеуі мүгедек екен. 7 жылдан бері пәтер жалдап жүр. Жақын арада баспана мәселесі шешілмесе, әкімдік алдына киіз үй тігіп, сонда көшіп аламын дейді ашынған ана.
Loading...