Ақмола облысында М.Ғабдуллиннің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек

Бұл туралы бүгін облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов батырдың қызы Майдан Мәлікқызы мен күйеу баласы Алмазбек Үсеновпен кездесуінде М.Ғабдуллиннің 100 жылдығы кең көлемде аталып өтудегі жоспарларымен бөлісті.

Облыс әкімінің орынбасары Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығын атап өту шаралары қолға алынғанын және оның жыл бойы жалғасатынын атап өтті.

"Батырдың мерейтойын атап өтуде қолға алынып отырған шаралардың ішінде маңыздысы - М.Ғабдуллинге ескерткіш орнату. Оны Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай орнатуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар батырдың мұражайына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ол үшін облыстық бюджеттен 15 миллионнан астам қаражат бөлінген. Ал негізгі салтанатты шара ағымдағы жылдың тамыз айында батырдың туған жерінде Зеренді ауданында өткізіліп, Көкшетау қаласында жалғасын таппақ. Сонымен қатар "М.Ғабдуллин феноменін зерттеу және мәселелері" тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, "Тұлға", "Қазақтың қаһарманы ұлы батыр Мәлік" электронды дискі серияларын шығару, республикалық ақындар айтысы тәрізді түрлі мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылатын болады. Мұның бәрі облыс әкімінің жіті бақылауына алынған", - деді Н.Нұркенов.

Өз кезегінде батырдың қызы Майдан Мәлікқызы мен күйеу баласы Алмазбек Үсенов әкелерінің 100 жылдығын бүкіл ел болып атап отырғанын, оған үлес қосып жүрген азаматтарына алғыстарын білдірді.


"Өмірден ерте озса да, әкеміз көп іс тындырып, ел есінде мәңгі қалды. Осындай батыр ұлдарын ұмыт қалдырмай әрқашан есімін елге айтып жүрген жерлестеріне ризашылығымыз зор", - деді өз сөзінде Майдан Мәлікқызы.

Сонымен қатар Н.Нұркенов батырдың ұрпағына облыс әкімі Сергей Кулагиннің сәлемін жеткізіп, мәртебелі қонақтарға естелік сыйлықтар тапсырды.