Ақмола облысында құрамында алтыны бар кенді заңсыз өндірген ер адам сотталды

ҚМА Ақмола облысы бойынша департаменті тау-кен саласындағы заңсыз кәсіпкерлікке қатысты істі аяқтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тергеу барысында азамат Ибраевтың Жолымбет кен орнындағы учаскеге ғана барлау жұмыстарын жүргізуге келісім-шартқа отырып, құрамында алтыны бар кварц кенін заңсыз өндірумен айналысып, кейін оларды үшінші тұлғаларға өткізгені анықталды. Нәтижесінде ол аса ірі көлемде жалпы сомасы 280 миллион теңге болатын заңсыз кіріс алған", - делінген хабарламада.

ҚМА мәліметінше, сот үкімі бойынша сотталушы келтірілген залалды республикалық бюджетке толық өтеп, оған 2,5 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған.