Басқарма басшысының айтуынша, өңірде бүгінгі күні 606 бу қазандығының барлығы дерлік, 34 мың метр жылу құбыры, 180 мың метр су-кәріздік жүйе жөндеуден өткізілген. Осы уақытта 716 білім беру және 633 емдеу мекемесінің дайындығы толықтай шешімін тапқан. Өңір бойынша орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1734 тұрғын үйдің 95 пайызында әзірлік шаралары шешімін тауып отыр. Қыстан қысылмаудың басты талабы қажетті отын қорын жасау болса, қазіргі уақытта аудандар мен қалаларда 131,5 тонна көмір, ал 36,4 мың тонна сұйық отынның 9 мың тоннасы жеткізілген. Алдағы күнде қалған сұйық отын Павлодар мұнай өңдеу зауытынан әкелінбек. Бұрындары ол Ақтаудан тасымалданатын болса, енді жеткізу шығынының азаюына байланысты төлемдер де арзандамақ. Қазіргі уақытта кезек күттірмес шара тұтынушылардың көрсетілген қызметке борыштарды өтету болып отыр. Александр Мартыненконың айтуынша, бұл ретте өткен жылыту маусымындағы берешек 692,54 миллион теңге болса, оның 231,2 миллион теңгесі жылытуға байланысты. Қолда бар мәліметтерге сәйкес тұрғындар қарызы 136,99 миллион теңге, ал заңды тұлғалардікі 94,21 миллион теңгеге жеткен.