Ақмола облысында шахтадағы жарылыс 1 адамның өмірін жалмады

Төтенше жағдай орын алған Жолымбет ауылындағы шахта осы. Қайғылы оқиғадан кейін күзет күшейтілген. Мұндағы жұмысшылардың қайғылы оқиғаларға еті үйреніп кетсе керек, түк болмағандай аң-таң. Көбісі тілшілерді көре сала ат-тондарын ала қашты. Әйтеуір араларынан там-тұмдап болса да мән-жайды айтқан біреуі табылды. 

-  Жарылыс болды деді. Білмейміз. Взрывчаткада істейтін жігіт еді. Өткен жолы да бір кісіні басып қалған. Тағы қайталанып тұр.

Ал дүмпудің қуаты күшті болыпты. Сол жерде қаза тапқан 33 жастағы азамат жер астында жарылыс жасайтын маман екен. Таңертең қоймадан алып шыққан 30 келідей жарылғыш заты аяқасты іске қосылып кетсе керек. Жалпы оқыс оқиға кезінде шахта ішінде 66 адам болған. Бірақ олардың ешқайсысы зардап шекпеген.


Жанат Жолдығазинов, Кен орнының директоры:

- Қазір арнайы комиссия құрылды. Артық ештеңе айта алмаймын. Нақты себебін кемі оны күннің ішінде анықталады.

Қатты мазасызданып сөзін қысқа қайырған директор мардымды ештеңе айтпады. Ішке кіргізуге де рұқсат еткен жоқ. Ал қайғылы оқиғаның орын алғанына қарамастан шахтадағы жұмыс тоқтатылмаған.

Қазір алтын өндіретін кен орнында еңбек қауіпсіздігінің қаншалықты сақталғанын прокурорлар мен еңбек инпсекторлары шұғыл тексеріп жатыр. Оның қортындысы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Айта кетсек, өткен айда ғана осы Жолымбет кен орнында топырақ опырылып, екі адам өлген еді.