Ақмола облысында тараған қызылша дерті Ақтөбеге жетті

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Ақтөбе облысында қызылша дертіне шалдыққан 7 сәби бір-біріне туыс болып шықты. Ақ халаттылардың сөзінше, балалардың бірі қызылшаны Ақмола облысынан жұқтырып әкелген. Артынша 6 бала бірінен соң бірі ауруханаға түсіпті.

«Қызылша жұқтырған сәбилердің бесеуі 1 жасқа толмаған. Екеуі бір жасқа толған. Қазір ем қабылдап жатыр, жағдайлары тұрақты. Ал бұл аурудың алдын алуға тек мүмкіндік береді», – облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары Майра Нұрғалиева.

Қызылшаға қарсы екпе жоспар бойынша сәби бір жасқа толғаннан кейін салынады. Алайда дертке шалдыққан жасқа толған екі баланың ата-анасы екпеден бас тартыпты. Дертті тез қабылдауына сол себеп болған.

Бүгінде елімізде түрлі себептерді сылтау етіп екпеден бас тартатын ата-аналар жиілеген.


«Бірінші қалалық емхана бойынша 325 ата-ана екпеден бас тартқан. Жеке көзқарас, қорқыныш, діни себептерге байланысты бас тартады», – дейді №1 қалалық емхананың екпеден бас тартқандармен жұмыс жасайтын дәрігері Әдина Сүйін.

Дәрігерлердің айтуынша, иммунитеті әлсіз балалар үшін қызылша дерті қауіпті. Тіпті, асқынған жағдайда өліп кетуі де мүмкін.

Бүгінгі таңда облыста тараған ауруға байланысты арнайы штаб құрылып, өз жұмысын бастап кеткен.