Қора-қопсыны аралаған мал дәрігерлерінің күндегі тірлігі осы. Аудандағы ондаған ауылға бірнеше топ бөлінген. Өйткені бруцеллезден 3 мыңға тарта сиыр мен қой арам қатыпты. Тіпті қауіпті кесел малдан иелеріне жұғып жатыр. Эпидимия ушығып кетпесі үшін ветеринарлар үй-үйді аралап жаппай екпе салуда. Індет бүтін бір ауылды малынан айырды.
Аманбек Партизан, Еңбек ауылының тұрғыны:
-Бір отбасы 4-5 малынан айырылып жатыр. Не істерімізді білмей отырмыз?
Жағдайдың ушыққаны соншалық, қазір бірде бір мал не сатылымға, не өзге ауданға алып шығуға тыйым салынып отыр. Өйткені, мамандар індеттің қайдан келгенін анықтай алмай бастары қатуда.
Базарбай Жұмағұлов, Ерейментау ауданының ветеринары:
-Көрші аудандардан мүмкін келуі, көрші облыстардан келуі мүмкін. Ол бір мүмкіншіліктің бірі.
Сақтық шаралары қанша күшейтілсе де, індет 2 адамға да жұғып үлгеріпті. Үй иелері малына жем-шөп салып жүріп жұқтырса керек. Науқастардың бірі шұғыл Астанадағы ауруханалардың біріне жеткізілген.
Михаил Кузнецов, Ерейментау аудандық санитарлық-эпидемиялық зерттеу орталығының бас дәрігері:
-Біз ауыл-ауылды аралап, адамдарға түсіндіріп жатырмыз. Егер малдан ауру жұқтырса, тез арада дәрігер шақырыңыздар деп айттық. Себебі, толық емделмесе, науқас соңында мүгедек болуы мүмкін.
Бруцеллез Еңбек ауылында өршіп тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігі аудандағы жағдайдан хабардар. Іске қазір прокурорлар араласып, кесел алдын алмаған жергілікті әкімдікті тексеріп жатыр. Ал шенеуніктер қолындағы малынан айырылған жұртқа өтемақыны 10 күннің ішінде төлейміз деп уәдені үйіп төгуде.