12 жыл бұрын жерін жерін қалталы кәсіпкерге жалға берген жұрт бүгінде осылай қалдық жемге күндері қарап қалған. Кезінде уәде етілген қамба толы астық, қалта толы ақшаның бүгінде бірі де орындалған емес. «Түгел С» серіктестігі басшыларына Лозовое ауылы тұрғындарының өкпесі қазір қара қазандай. Жер мен суды меншіктегені өз алдына, қазір ауылда еркін жүріп-тұрудан қалдық дейді жұрт.
Виктор Веселов, Лозовое ауылының тұрғыны:
-Сенесіз бе, олар бізге ауыл ішіндегі жолдан өтуге тыйым салды. Өйткені бас директор келгенде, ауылда шулауға болмайды. Қонақ үй жанынан мал да, жан да, тіпті көлікпен де өтуге болмайды. Директор дем алуы керек.Тіпті суды да тоқтатып тастайды, бастықтар жуынғанда судың қысымы жетпеуі мүмкін.
Оның үстіне, тұрғындарға соңғы уақытта ауыл іргесіне мал жаюға да болмайды екен. Өйткені жер мен судың барлығы сол қожалық меншігінде. Шенділерге шағым айтқанымен, олардан да қайыр шамалы.
Лидия Боховец, Лозовое ауылының тұрғыны:
-Аудан әкімі тым болмаса 1 рет келіп жағдайымызды сұраса ғой. Біз тіпті оны көрген жоқпыз. Ауылға келмейді, олар бізді қайтсін.
Бүгін шыдамдары шегіне жеткен жұрт кәсіпкердің өзімен жолықпақ болып кеңсе алдына жиналды. Алайды бас директор демалыста екен. Ал орынбасары тың мәлімет айтып, тіпті тұрғындардың төбесінен жай түсіргендей болды. Айтуынша, жерді жалға емес, гектарын 100 теңгеден басыбүтін сатып алған.
- Бізді алдап кетті. Жалға алған. Біз сатқан жоқпыз.
Ауылдағы айғай құлағына жетсе керек, Жақсы ауданының әкімі де төбе көрсетті. Қанат Сүйіндіковтің әкім болғанына 2 жылға жуық болса да, осында бірде бір ат ізін салмаған екен. Әкімді бірінші рет көрген ауыл жұрты жанайқайын жарыса жеткізіп жатыр. Ал шенеунік сол әдеттегідей «бәрін шешеміз» деп халықты жұбатып әлек.