Онсыз да жалақысы мардымсыз ұстаздың еңбегі сауықтыру жәрдемақысына келгенде де бағаланбай отыр. Осыған өкпелі бір топ педагог талай табалдырықты тоздырса да, әділдік таппаған.
Салтанат Рүстемова, гимназияның кәсіподақ төрайымы:
-Биыл күттік. Төлейміз деп уәде берді. Өйткені заңда жәрдемақы толық берілген сағатқа төлену керек делінген. Тіпті министрдің өзі арызымызға солай деп жауап жазды.
Мұғалімдер сотқа дейін барған. Бірақ аудандағы судья бюджеттің ыңғайына жығылып, іс біздің пайдамызға шешілмеді дейді олар. Қазір ұстаздар облыстық сотқа шағым түсіруге құжаттар әзірлеп жатыр. Дегенмен, шағымданушылардың саны күн сайын азайып барады екен.
Айтқали Ақараұлы, мұғалім:
-46 адам бергеннен кейін ақырын директор бір- бірден шақырып алып жатыр. «Сотқа беруден мен бас тартамын» деп жазып бер деді. «Менің өз құқығым, мен жазбаймын» дедім. Аяғына дейін барамыз. Біз әділдік іздеп жүрміз.
Ал министрліктен келген жауапта расымен жәрдемақы еңбекке қарай төлену керек делінген екен. Бірақ бұны ешбір құзырлы орган ескермей отыр.
Валерий Гамазов, Бурабай аудандық білім бөлімінің басшысы:
-Осы мәселе көтерілгеннен кейін біз де барлық құзырлы орындарға сұрау салдық. Сенесіз бе, берген жауаптары әртүрлі. Сонда қайсысынікі дұрыс?
Білім бөлімінің басшысы осылай сұрақты бізге қойып отырғанда, басқа өңірлерде мұғалімдер істеген сағаттарына сай жәрдемақы алып жүр екен. Ал ақмолалық ұстаздар болса, тиісті мөлшерде сауықтыру қаражатына қол жеткізу үшін жазғы демалыстарын сотта өткізетін түрлері бар.
Loading...