Калачи ауылында бір мезетте 16 адам мызғып кеткен. Оның 9-ы бала. Ересектердің арасында жүкті әйел де бар. Тұрғындар бір уақытта ұйқылы ояу күйге түсіп, айналасындағыларға бағынбай әлек салған бала-шағаға ие бола алмай шарасыз халге жеткен. Бұл ауылда 600-дей адам тұрады. Осы бір түсініксіз дерт ол жақта 3 жыл бұрын байқала бастаған еді. Содан бері 60 шақты адам ауырған. Ал індеттің себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ. Енді, міне, күздің алғашқы күндерінде жұрт жұмбақ аурумен тағы алысып жатыр.
Ауыл аяқ астынан апыр-топыр болған. Мектептен оралып, ойнап жүрген жерінде балалар қалғып кеткен. Тұрғындар әлдебір белгісіз күш келіп оларды құлатып кеткендей көрінді дейді. Аяқтарынан тұра алмай, айналасындағыларға бой бермей, есінен адасқандай күйге түскен.
Олег Свинарев, Калачи ауылының тұрғыны:
-Балалар құсып, ие бола алмадық.Тіпті кереуетке байлап қойдық. Қорқынышты. Оларға енді не болмақ? 2 балам ауруханада. Ешкімге ештеңе керегі жоқ.Қашанғы осындай әрі-сәрі күйде отыра береміз?Бәрі сырттан бақылап үнсіз отыр. Ешқандай маманға сенбеймін.
Осы жағдайдың себебін анықтау үшін келіп-кетіп жатқан сансыз комиссиядан көңілі қалғандар көп. Тіпті, ауруханаға барудан бас тартып жатқандары да бар. Көзін бір ашып, қайта қалғып кеткен Ирина есімді мына әйел 5 күннен бері ұйықтап жатыр. Өзі ауыл дәрігері екен. Көршілері келіп бақылап жүрміз дейді. Тұрғындар әрі-сәрі күйден шаршағандарын айтады.
-Бір қызығы, жұмбақ аурудың сырын біле алмай жұрттың басы қатып отырғанда, мұнда екі пәтерлі 6 үй мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатыр. Егер жағдай болса, Калачидан қазір көшіп кетуге әзір тұрғындар сонда бұл үйлер кімдер үшін салынып жатыр деп таң тамаша.
Енді калачиліктер біртіндеп көшіп жатыр. Бірақ қоныс аударуға бәрінің бірдей жағдайы жоқ. Олар бар пәле, бұрынғы уран кеніштерінен шықты дейді. Бірақ, арнайы радиологтар келіп сан рет анализ алғанымен әлі күнге нақты жауап таба алар емес. Сырқаттың балаларға ауыз сала бастағаны жұрттың жанына батуда. Қазір 9 бала ауруханада жатыр.
Елена Насовец, Есіл аудандық ауруханасы балалар бөлімшесінің меңгерушісі:
-9,10,11 жастағы 8 бала ауруханаға бір уақытта жеткізілді. Тағы бір бала 2 жарым жаста. 6 бала жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Балалардың барлығы сандырақтап, не істеп не қойғандарын білмейді.
Аяқ астынан жағдайдың ушыққанын естіген Денсаулық сақтау Министрлігінің өкілдері де Калачиге келіп жетті. Тағы да анализ, су мен топырақтан сынама алу басталды. Бұл жұмыстың да жұрттың күпті көңілін орнына түсіруі екіталай.