Өздері де әлі түсіне қоймаған жаңа жобадан мұғалімдердің бас тартудан басқа амалы қалмаған. Жаңа жылдан бастап жалақы ұстаздарға бала «санына қарай төленеді» дегенді естігені болмаса, еңбек ақыларын әлі алмапты. Қазір ұстаздар сабақты емес, банктердегі өсімді кім төлейді, қалай күн көреміз деген уайыммен жүр.
Әуелбек Такетов, мектеп мұғалімі:
-Даудың басы Дайрабайдың ала сиыры дейді ме. Осы эксперимент болып тұр ғой жалақымыздың дауы. Күні бүгінге дейін жалақы жоқ бізде. Әріптестеріміздің жарығын қиып кетіп жатыр, телефонын өшіріп жатыр, интернет ғаламторын өшіріп жатыр, балабақша, комуслугаға ақша төлеу керек. Дүйім жұртқа белгілі ғой ол жалақыға тіреледі.
Соңғы рет ақшаны зеренділік ұстаздар Тәуелсіздік күні қарсаңында алған. Жаңа жылдан бастап жалақы төлеуде жаңа жүйе енгізіледі дегенге олар іштей қуаныпты. Бұл жобамен ұстаздардың білім беруге деген құлшынысы артып, жалақысын өсіруіне мүмкіндік туады екен деп түсінген. Бірақ, үлкен үміт күткен жаңа жүйеден, керісінше жүйкелері жұқарған.
Сейілбек Кенжебаев, мектеп мұғалімі:
-Бұл жерде адам баласының моральдық шығыны да бар. Оны да қарастыру керек. Қашанғы біз тізерлеп жүре береміз. Бұл істеп жатқан істерінің барлығы сүрінгенге жұдырық дейді.
-Ұстаздар осы екі айда «қайыршы» болып кеттік деп ашына айтты. Олар жергілікті жердегі дүкендердің барлығына қарызымыз шаш етектен. Күнделікті нанның өзін жалынып жалбарынып жаздырып аламыз. Осыдан кейін ұстазда қандай бедел қалды дейсің,- дейді.
Ал аудандық білім бөлімі жоғары жаққа хатты қарша боратып жатырмыз, сондағы алған жауабымыз мынау деп отыр.
Заида Бекенова, Зеренді аудандық білім бөлімінің экономисі:
-Жоба бірнеше мемлекеттік органдармен келісілуі тиіс. Сол кешігіп жатыр. Оның ережесі әлі бекітілген жоқ. Талап бойынша, ол Білім министрлігінде мақұлдануы тиіс.
- Білсеңіз неге еретеререк айтпадыңдар?
Мәселені Ақмола облыстық білім басқармасы де шеше алмаймыз, бұл республикалық бюджетке байланысты деп жауапты қысқа қайырды. Дегенмен осы сынаққа іліккен басқа екі ауданда 10 мектептің мұғаліміне жалақысын жырымдамай уақытылы беруде екен.