Ақмола облысының тұрғыны сәбиінің шетінуіне дәрігерлерді айыптады

Екінші сәбиін араға 15 жыл салып көтерген Айманның отбасы оның денсаулығын аса жіті қадағалаған. Жергілікті жерде тіркеуде болғанымен, Астанадағы арнайы орталыққа барып та қаралып жүріпті. 9 айда әйелден де, іштегі нәрестеден де ешбір кінәрат байқалмаған. Тек айы күні толып, перзентханаға жеткізілгеннің ертеңінде-ақ «бала өлі туылды» деген суыт хабарды естіп отыр.

Ақыл Тұлғабекова, туысы:

-Бұл дәрігерлердің науқасқа салдыр- салақ қарауының кесірі. Мәйітхандан сәбидің мүрдесін алғанда ондағылар бала жетіліп туғанын айтты. Тұншықтырып алыпты деп. Не деген сұмдық! Көптен күткен бала еді.Біз бұны бұлай қалдырмаймыз!

Айманның жақындары екі күннен бері жарытып жауап та ала алмай жүр. Ашуға булыққан олар бүгін ақыры бас дәрігерге өздері баса көктеп кірді.

Нәрестесі өлі туған ананың өзі қазір денсаулығы нашарлап, жансақтау бөлімінде жатыр. Ал бас дәрігер кінәрат жібергендерін жасырған жоқ. Кінәлілердің жауапсыз қалмайтынына да ашулы ағайын-туысты сендіріп бақты.


Ермек Мұхамедиев, Ақмола облыстық перинатальдық орталығының бас дәрігері:

-Біздің тарапымыздан кінә бар. Дегенмен нақты дәрігерлер кінәлі деп айтуға әлі ерте. Сараптама дайын емес. Өз ішімізде болған жағдайды анықтап жатырмыз. Қандай шешімге келеміз сіздерге айтамыз.

Науқастың туыстары сонда да құзырлы орындардың барлығына шағым қалдырды. Өз ісіне салғырт қараған дәрігерлерді қылмыстық жауапқа тартқызбай тоқтамақ емес.

Loading...