Ақмола және Алматы облыстарында ойын бизнесін орналастыратын ғимараттар үшін жер телімін бөлу мәселесі 2007 жылғы 1 наурызға дейін шешілетін болады

ойын бизнесін орналастыратын ғимараттар үшін жер телімін бөлу мәселесі 2007 жылғы 1 наурызға дейін шешілетін болады. Бұл туралы сенбі күні үкімет үйінде Қазақстан Республикасының премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық кеңесте өңір басшылары - Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов пен Ақмола облысының әкімі Мәжит Есенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңесте "Ойын бизнесі туралы" және "Мүлікті жария етуге байланысты рақымшылық жасау туралы" заңдарды жүзеге асыру туралы екі мәселе қаралды.

Бірінші мәселе бойынша негізгі баяндамашы туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов мәлімдегендей, "Қазақстан Республикасындағы ойын бизнесінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы үкіметінің қаулысын және "Ойын бизнесі туралы" заңды іске асыру жөніндегі шаралар туралы" өкім жобасы әзірленген. Бұл екі құжат премьер-министрдің тапсырмасы бойынша биылғы жылғы 12 ақпанда үкімет қарауына енгізіледі.

Сондай-ақ кейбір облыс әкімдерінің "Ойын бизнесі туралы" заңды іске асыруға әзірліктері барысы туралы ақпараттары тыңдалды.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Щучье -Бурабай демалыс аймағы мен Қапшағай жағалауындағы су қоймасын дамыту мәселелері бойынша кеңесті үстіміздегі жылғы 16 ақпанға белгіледі. Алматы мен Ақмола облыстарының әкімдеріне, сондай-ақ министрліктер басшыларына аталған кеңеске кешенді дайындалу тапсырылды.

Премьер-министр сондай-ақ жергілікті биліктің жабылатын ойын мекемелерінің қызметкерлерін жұмысқа орналастыру туралы мәселеге ден қою керектігіне ерекше тоқталып өтті.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті