Ақмола және Қарағанды облыстарында 3 мың киік қырылып қалды

Ажал құшқан дала еркесінің тең жартысы Теңіз көлінің жағалауынан табылыпты. Қалғанын мамандар жазық даладан жинап алған. Әзірге апаттың неден келгені белгісіз. Аумақты еліміздің Қоршаған ортаны қорғау министрлігі тексеріп жатыр. Соңғы кезде Қазақстанда Қызыл кітапқа енген жануардың жаппай өлуі жиі қайталанып келеді. Былтыр ғана Қостанай облысында мыңға жуық ақбөкеннің іштері кеуіп, ауыздарынан көбік пен қан кетіп өлген болатын. Ал екі жыл бұрын Батыс Қазақстан облысында12 мыңнан астам киіктің қырылып қалғаны ел есінде. Ол кезде жауапты органдар түз жануарының ажалы жұқпалы аурудан келді деген ресми қорытынды шығарып, мәселені жылы жауып қойған-ды. Экологтар шенділердің бұл жолы да ескі әуендеріне салып, жаттанды жауап жариялайтынына сенімді. Ал табиғат жанашырларының өздері  Сарыарқадағы ақбөкендердің ажалы жуырда ғана Байқоңырға төгілген гептил қасіретінің алғашқы айғағы деп отыр.


Мұсағали Дуамбеков, эколог:

-  Қанша жыл болды, соның  шындығына жете алмай қойдық. Шөп болса, ол  не шөп, 20 ғасыр өмір сүрген ақбөкенге бүгінгі шөптің қандай әсері бар? Әлде радиацияның кесірінен бе, әлде әскери полигондардың кесірінен бе, әлде гептилдің әсері ме? Мұндай сұрақтарға жауап іздеу біздің Үкіметке тиімсіз. Бұл жолы да себебі не деген сұраққа дұрыс жауап ала алмайтынымызға мен сенімдімін.