Ақмолалықтарға құрбан шалудың амалдары түсіндірілді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚМДБ-ының Ақмола облысындағы өкілі, Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қуаныш Сәбит өзінің журналистерге арнаған кіріспе сөзінде ислам күнтізбесіндегі бұл айшықты мерекенің тарихы мен тағылымы жайлы айтып берді. Осы мерекеде орындалатын ең басты рәсім - Құрбан шалу парызын орындаудың амалдарын да тілге тиек етті.

Журналистер назарын шалынатын малдың және кімдер құрбан шала алады деген сауалға аудара отырып, биыл құрбан шалатындар үшін қаламыздағы арнайы мал сою орындары дайындалғанын және осыған байланысты іс-шаралар өткізетінін атап көрсетті.  Мал сою рәсімдері Көкшетау қаласындағы «Бижан» ет өңдеу кешені мен «Әз» мал базарында жүзеге асырылады.

«Құрбан айттың алғашқы күні таңғы сағат 8,00-де облыстың барлық мешіттерінде айт намазы оқылады. Осы намаздан кейін құрбан шалушылар құрбан шалу рәсімдерін бастайды. 31 тамыз күні мешіт жанындағы жаңадан ашылған шаштаразда оқушыларға айттың және білім күнінің құрметіне орай тегін шаш алу ұйымдастырылады. Осы күні ораза ұстаушыларға орталық мешітте ауызашар өткізіледі. Айт күндері «Мейірімді жүрек жылуы» атты қайырымдылық акциясы аясында мұқтаж жандарға ет таратылады. Сонымен бірге, 2 қыркүйекте облыс орталығында білім алып жүрген студенттерге айт шайы ұйымдастырылмақшы», - деді имам.