А.Қоңыров: "Пәтерлерді бір күндік жалға берушілерге талапты күшейту қажет"

Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров пәтерлерді бір күндік жалға берушілерді салық органдарында тіркелуге міндеттеуді ұсынды.


           «Азаматтармен кездесу барысында тәуліктік жалға берілетін көрші пәтерлерге қатысты наразылықтарын естідік. (...) Бұл пәтерлерде сенбі және мереке күндері ойын-сауық құрушылар көршілердің мазасын кетіреді», - деп ол бүгін мәжілістің пленарлы отырысында үкімет басшысы Серік Ахметовтың атына жолдаған депутаттық сауалын оқып берді.
           А.Қоңыровтың айтуынша, тұрғындар мен пәтер жалдаушылар арасындағы жанжал кейде жұдырық жұмсап, күш қолдануға ұласады.
           «Жалға берушілердің көпшілігі пайда табу мақсатында адамгершілік нормаларын түріп қоюға дайын. Клиенттен ақша алды бітті, олар притон ұйымдастырды ма, әлде есірткі дайындап жатыр ма, әлде қару әкеліп қойды ма онымен ісі жоқ», деп мәжіліс мүшесі кейістік танытты.
           Ол осы орайда жалға берушілерге қонақүйлерге қатысты қолданылатын талаптар әзірлеу қажеттігі туралы пікір білдірді.
           Депутаттың айтуынша, жалға беруші салық органдарында міндетті тіркелуді, қызмет көрсетудің тиісті есебі, стандарттары, санитарлық-эпидемиологиялық, тұрып жатқандардың өрт және жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс. .
           Сонымен қатар, тұрып жатқандардың кесірінен үшінші тұлғаларға залал келтірілген жағдайда міндетті азаматтық-құқықтық жауапкершілік енгізу, санитарлық нормаларға сәйкес пәтерде тұрушылар саны бойынша шекті айқындау қажет деп есептейміз», - дейді А.Қоңыров.