Ақсай қаласында сайыпқыран сақшылар сайысы өз деңгейінде өтті

Әлемге әйгілі қазыналы Қарашығанақ кенішінің қойнауындағы Бөрлі ауданының орталығы - Ақсай қаласы спорттық бәсекеге келген Ақжайық, Жаңақала, Жәнібек, Зеленов, Казталов, Қаратөбе, Сырым, Теректі, Тасқала, Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімдерінің командаларын құшақ жая қарсы алды.

Спартакиаданың ашылу салтанатында алғашқы құттықтау сөз Батыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Е.Б.Қамзинге берілді. «Сақшылардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау, қызметтік-қолданбалы спорт түрлерінің бұқаралылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған спорт сайысында біздің жігіттеріміздің бойларындағы қасиеттері ашыла түсіп, табыстарға қол жеткізеді деп сенемін», - деді Ермұрат Базекеұлы өз сөзінде.

Бұдан кейін сөз алған Бөрлі ауданы әкімі аппаратының бастығы Ж.Н. Қаналин, «Нұр Отан» ХДП Бөрлі аудандық филиалы төрағасының орынбасары С.М. Жүкиева, «Динамо» спорт қоғамының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Е. Ставкиндер спортшыларға жарыстарда жеңіс туын желбірете берулеріне тілек білдірді.

Сайдың тасындай іріктеліп, сапқа тұрған сайыпқыран сақшыларға күміс көмей әнші Қарлығаш Мұхитова әннен шашу шашты.

Екі күнге созылған спартакиада барысында полиция қызметкерлері спорттың бірнеше түрінен шеберлік сынасты.

Нысана көздеп, қару атудан бөрлілік полицейлер сұр мергендік танытса, Тасқала аудандық ішкі істер бөлімінің командасы екінші, жаңақалалықтар үшінші нәтиже көрсетті.

Жеңіл атлетика бойынша 4х1000 метрлік эстафета жарысында тасқалалықтар оқ бойы озық келді. Мәреге олардың артын ала жеткен Зеленов, Теректі ауданының спортшылары екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті.

Епті де шапшаң қимылдарды қажет ететін гимнастикалық жаттығуларды орындаудан тағы да бөрлілік сақшылар алдына жан салмаса, тасқалалықтар екінші орынды еншілеп, теректіліктер жүлдегерлер үштігін тұйықтады.

Чехтар қалашығының спорт залында шағын-футболдан өткен сайыста да алаң иелері жеңіс тұғырынан көрінді. Қалған екі жүлделі орынды тиісінше Қаратөбе, Тасқала аудандарының полицейлері қанағат тұтты.

Жалпыкомандалық есеп бойынша, бірінші орынды Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімінің командасы жеңіп алды. Екінші орынға тасқалалықтар, үшінші орынға теректіліктер ие болды.